Түркістандағы Қарабұлақ ауылында жүк көліктері тіркемесі құрастырылады - фотореп

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Сайрам ауданына қарасты Қарабұлақ ауылының тұрғындары бүгінде еңбекқорлығымен елге танылып келеді. Мәселен, Қазақстан бойынша ең үлкен мал базар осында орналасқан. Сондай-ақ, 60 мыңға жуық халқы бар кішкене ғана елді мекенде еліміз бойынша жүк көліктеріне арналған тіркеме құрастырылады.

цех
Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform
Қарабұлақ
Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform

Қарабұлақ – шағын ғана ауыл болғанымен халқы өте еңбекқор. Мұнда нәпақасын Жер-Анадан терген диқандар мен төрт түлікті көбейтіп, әрі семіртіп сататын шаруалар тұрады. Содан болар бірі таңертең ертемен кетпен-күрегін қолына алып, бақша ішінде жүрсе, енді бірі жинаған көкөністерін қолтықтап қалаға алып кетеді. Бар мақсаты – үй іргелік жерден алған шағын өнімді сатып, ақша ету. Сондай-ақ, әр сәрсенбі сайын ауылдағы мал базарда сауда қызады. Төрт түлігін жетектеп еліміздің әр аймағынан, тіпті Өзбекстан мен Қырғызстаннан келетіндер көп.

мал
Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform

Тағы бір айта кетер мәселе, ауылдағы әрбір үйдің ауласындағы жер бос жатпайды. Бірі қызанақ ексе, енді бірі қиярдан мол өнім алып отыр. Тіпті, кішкене ғана жерге жылыжай салып, бір алқаптан екі-үш рет өнім алып жатқандар да бар.

көлік
Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform

Сондай-ақ, ауылдағы көшелерден жүк көліктерін көп кездестіруге болады. Олардың бір бөлігі – жергілікті тұрғындардың өсірген жеміс жидегін алыс-жақын қалаларға тасуға келгендер болса, енді бір бөлігі – көлігінің тіркемесін жөндету үшін арнайы ат басын бұрғандар. Себебі, Қазақстандағы жалғыз жүк көліктерінің тіркемесін құрастыратын, әрі қайта жаңғыртатын кәсіпорын Қарабұлақта орналасқан.

темір
Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform
цех
Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform

Kuzov Karabulak өндіріс орнының жұмыс істеп келе жатқанына 7 жылдың жүзі болды. Алғашқыда екі-үш үйдің ауласын біріктіріп кәсіп бастаған жігіттер бүгінде ондаған адамды жұмыспен қамтып отыр. Негізінен мұнда жүк көліктерінің тіркемесі жаңадан құрастырылады. Одан бөлек, тіркемені жаңарту, көлемін ұлғайту, кішірейту, созу секілді қызмет түрлері көрсетіледі.

цех
Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform
цех
Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform

«Біз бұл кәсіпті 2017 жылы бастадық. Қазір өзімізге қажетті қосалқы бөлшектерді Қарағандыдан және Ресейден алдырып жатырмыз. Тіпті Кореядан, Тайваньнан да тапсырыс беретін кездеріміз болады. Ең бастысы – біз өз жасаған өнімдерімізге кепілдік бере аламыз», - деді серіктестік директоры Рыстай Рысқұлов.

темір
Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform
көлік
Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform

Кәсіпорын жылына 500 тіркеме шығаруға қауқарлы. Бұл бағытта арнайы лицензия да алған. Дегенмен, күнделікті тоқтаусыз жұмыс істеуге күн райы көп кедергі келтіреді. Әсіресе, күннің суығында сыртта жүріп жұмыс жасау қиын. Сондықтан, қысқы мезгілде өнім көлемі азаяды. Жалпы, бір тіркемені жасау мен қайта жаңғырту жұмыстарының бағасы 300 000 теңгемен 8 млн теңгенің аралығында. Егер тапсырыс берсеңіз талғамыңызға сай, сапасын көтеріп, сәнін келтіріп құрастырып береді.

цех
Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform
көлік жөндеу
Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform

«Біреулер тоңазытқыш қойып бер деп келеді. Ал, біреу тіркемесін создырмақшы болады. Жалпы сұраныс көп. Ел аумағынан және көршілес Өзбекстан, Қырғызстан елдерінен, тіпті Ресейден келетіндер бар. Ешқандай жарнама бермейміз. Барлық тұтынушыларымыз бір-бірінен есітіп, хабарласып жатады. Сондай-ақ, «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық компаниясы, «Дала-Транс» серіктестігі секілді үлкен фирмалармен де жұмыс істейміз. Оларда жүк көліктері көп. Сондықтан, жөндеуге, қажетті тіркемені жасатуға көп тапсырыс береді», - деді кәсіпорын басшысы.

көлік жөндеу
Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform
дәнекерлеу
Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform

Бүгінде өндіріс орны 80 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Оның 30-ы – дәнекерлеуші болса, қалғаны – әрлеп, бояушылар мен кеңсе қызметкерлері. Ал, кәсіпорынға жаңадан келген жас мамандарды тәжірибелі қызметкерлер қасына алып, жұмыстың қыр-сырын үйретеді.

«Қазіргі таңда кәсіпорынның орналасқан аумағы – 2 гектар. Болашақта жаңа ғимаратқа көшеміз деп жоспарлап отырмыз. 8 гектар жерге жаңа кәсіпорын салып жатырмыз. Онда 9 мыңға жуық адам еңбек ететін болады», - деді Рыстай Рысқұлов.

цех
Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform
жүк көлігі
Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform
цех
Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform

 

Соңғы жаңалықтар