Түркістандағы «Karavan Saray» кешеніне келушілерге 23 мыңнан астам хаттама толтырылған
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – «Karavan Saray» туристік кешеніне келушілерге 23 мыңнан астам хаттама толтырылған. Жалпы салынған айыппұл көлемі 249,5 млн теңге.
Түркістан облысының туризм басқармасы ұсынған мәліметке сүйенер болсақ, көпшілік орындарда, сонымен қатар тарихи-архитектуралық және туристік орындарда материалдық және мәдени құндылықтарды жою, мүліктерді қасақана бүлдіру, белгіленбеген орындарға қоқыс тастау, ластау фактілері анықталған.
«Жыл басынан ортақ пайдаланылатын орындарды, саябақтарды, скверлердi ластау, оның iшiнде белгiленбеген орындарға коммуналдық қалдықтарды тастау және қалалар мен елдi мекендердiң аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу, сондай-ақ қалалар мен елді мекендер инфрақұрылымы объектілерін бұзу, жасыл екпелерін жою және бүлдіру фактілері бойынша «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасының Кодексі негізінде 23 мыңнан астам хаттама толтырылып, 249,5 млн теңгеге айыппұл салынды» - делінген басқарма ақпаратында.
«Karavan Saray» туристік кешені 2021 жылы жеке инвестор қаражаты есебінен іске қосылған жоба болатын. Жалпы құны – 88 млрд теңге. Жоба премиум кластағы 2 қонақ үйді, жасанды көл, сауда орындарын, отбасылық демалыс аумақтарын, тамақтандыру орындарын, понарамдық аттракционды, СПА орталықты қамтиды.
Айта кетейік, бұдан бұрын Түркістан облысында 213 кәсіпкер азық-түлік бағасын негізсіз көтергенін жазған болатынбыз.