Түркістандағы қоғамдық орындарда тегін Wi-Fi желісі жұмыс істеп тұр
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Түркістан қаласының әкімдігі цифрландыру саласына ерекше көңіл бөліп отыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауларында цифрлық теңсіздікті жою, ақпараттық технологияларды кеңінен енгізу және заманауи инфрақұрылымды дамыту қажеттігін бірнеше мәрте атап өтті. «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында елімізде интернетке қолжетімділік – халықтың өмір сапасын арттыру мен мемлекеттік қызметтерді тиімді ету жолындағы маңызды қадамдардың бірі ретінде қарастырылады.
Осы бағыттағы жұмыстар Түркістан қаласында да жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Атап айтқанда, Түркістан қаласында тұрғындар мен туристер үшін ыңғайлы орта қалыптастыру мақсатында қоғамдық орындарға тегін Wi-Fi желісі орнатылған. Бұл – өңірді цифрландыру бағытындағы игілікті жобалардың бірі.
Бүгінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесі аумағында, темір жол вокзалында, Түркістан әуежайы, орталық субұрқақ маңында және Жеңіс саябағында интернет желісіне қосылуға мүмкіндік беретін сымсыз байланыс нүктелері жұмыс істеп тұр. Аталған орындар – күнделікті халық жиі шоғырланатын әрі туристік маңызы жоғары аймақтар.

Wi-Fi желісінің қолжетімді болуы – келушілер үшін қолайлы жағдай туғызумен қатар, қаланың заманауи келбетін қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Мәселен, Қ.А.Ясауи кесенесіне келетін туристер тарихи-мәдени маңызы зор нысанмен таныса отырып, интернет желісі арқылы виртуалды гидтер мен цифрлық ақпараттық ресурстарға еркін қол жеткізе алады. Бұл өз кезегінде туристік қызметтің сапасын арттырып, Түркістанның цифрлы туризм әлеуетін кеңейтеді.
Ал темір жол вокзалы мен әуежайдағы Wi-Fi желісі жолаушылар үшін аса маңызды. Қоғамдық көлік күтіп отырған азаматтар уақытын тиімді пайдаланып, қажетті онлайн сервистер мен қосымшаларды қолдана алады. Орталық фонтан мен Жеңіс саябағындағы интернет желілері де жастар мен қала тұрғындары жиі жиналатын аймақтарда ақпараттық кеңістіктің ашықтығын қамтамасыз етіп отыр.
Wi-Fi желісіне қосылу SMS-код арқылы жүзеге асады. Бұл әдіс қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, интернетті заң аясында пайдалануға мүмкіндік береді. Ең бастысы — қосылу мен пайдалану тұрғындарға толықтай тегін. Бүгінгі таңда бұл желіні 11 мыңнан астам адам пайдаланып үлгерді. Бұл — Түркістан тұрғындары мен туристер үшін цифрлық қолжетімділіктің артқанының дәлелі.

Сала мамандарының айтуынша, тегін Wi-Fi нүктелері тұрғындар арасында цифрлық сауаттылықты арттыруға, онлайн қызметтерді тиімді пайдалануға ықпал етеді. Бұл бастама – қала халқының заманауи цифрлық ортаға бейімделуіне және күнделікті өмірде интернет мүмкіндіктерін оңтайлы қолдануға бағытталған.
Түркістан қаласы әкімдігі цифрландыру саласына ерекше көңіл бөліп отыр. Кейінгі жылдары қала аумағында «Ақылды қала» жобасы шеңберінде бірқатар инфрақұрылымдық шешім енгізілді. Олардың қатарында интеллектуалды бейнебақылау жүйелері, «Сергек» жол қауіпсіздігі платформасы, мектеп асханаларындағы биометриялық жүйелер мен «109» бірыңғай байланыс орталығы бар.
– Түркістан – тарихи мұра мен заманауи технологиялар тоғысқан қала. Қоғамдық орындардағы Wi-Fi желісінің іске қосылуы бұл бағыттағы оң өзгерістердің нақты көрінісі деуге болады. Мемлекеттік деңгейде цифрлық даму – стратегиялық басымдық ретінде қарастырылып отырған тұста, Түркістанның цифрлы кеңістікте алға басуы – өңірдің жаңа тынысы мен өркениетті келбетін айқындай түседі. Цифрландыру – бұл жай ғана технология емес, бұл – қоғамның дамуына серпін беретін тиімді құрал. Бұл бағытта қолға алынған жобалар халықтың күнделікті тіршілігін жеңілдетіп, мемлекет пен азамат арасындағы байланысты нығайта түседі, - дейді Түркістан облысының цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасы басшысының міндетін атқарушы Тураби Ертай.

Қазіргі уақытта қоғамдық орындарға Wi-Fi желісін орнату жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасып келеді. Алдағы уақытта қаланың өзге де саябақтары мен демалыс орындары, халық көп шоғырланатын орталықтар интернетпен қамтылады деп күтіліп отыр.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Ақылды қала» концепциясы ретінде Түркістанның жаңа даму кезеңі басталғанын жазған болатынбыз.