Түркістандағы Қолөнершілер орталығы қалай жұмыс істеп тұр
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Түркістан қаласындағы Қолөнершілер орталығы қысқы режимге көшіп, қосымша тағы шеберлер орналастырылып жатыр.
Айта кетейік, кеше аталған орталықтың кіреберісі арнайы лентамен қоршалып, толыққанды жұмыс істемей тұрғаны туралы ақпарат жарияланған болатын.
Аталған мәселеге орай Түркістан қаласы әкімдігі Kazinform агенттігіне ресми түсінік берді.
Ведомствоның мәліметінше, қазіргі таңда Түркістан қаласындағы Қолөнершілер орталығы қалыпты режимде жұмыс істеп тұр.

— Орталықтың ғимаратында шеберханалар жұмыс істеп, оқыту сабақтары мен шеберлік сабақтары өткізіледі. Қолөнершілер түрлі көрмелерге, соның ішінде халықаралық деңгейдегі іс-шараларға белсенді қатысып, өз өнімдерін таныстырып жатыр және басқа өңірлер мен елдердің шеберлерімен ынтымақтастықты дамытып келеді. Осыған байланысты барлық қолөнершілер үнемі орталық аумағында бола бермейді, — делінген әкімдіктің ресми түсініктемесінде.

Орталық ғимараты ашық жоспарлау үлгісінде, қолөнер базары форматында салынған, онда өндірістік цехтар мен шеберханалар орналасқан.
— Жылыту маусымының басталуына орай қажетті техникалық жұмыстар жүргізілді. Қазіргі уақытта қосымша қолөнершілер — жеке шеберлер мен кәсіпкерлерді орналастыру жұмысы жүзеге асып жатыр, — деді әкімдіктің жауапты өкілдері.

Сондай-ақ мұнда шеберлердің жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалған, яғни жұмыс орындары жабдықталып, қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген және қолөнер ісін дамытуға толық мүмкіндік бар.
Түркістанда Қолөнершілер қалашығы ашылғанын қыркүйек айында хабарлаған болатынбыз.

