Түркістандағы көрме: Қазақстан өнімді терең өңдеуге басымдық береді
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Түркістанда өткен өнеркәсіптік көрме ел экономикасын әртараптандырудың маңызды бағыты ретінде мұнай-химия саласының дамуын айқын көрсетті.

Бұл шарада көзге түскен ірі қатысушылардың бірі — Kazakhstan Petrochemical Industries Inc. (KPI Inc.) компаниясы болды. Оның экспозициясымен Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы танысқан болатын.
KPI ұсынған көрме алаңында полипропилен гранулаларымен қатар, дайын бұйымдардың алуан түрі көрсетілді: жиһаз бөлшектері, кілем өнімдері, тұрмыстық заттар мен өндірістік компоненттер. Бұл тұтастай өндірістік тізбекті — мұнай өндіруден бастап бастапқы полимерлер мен одан әрі дайын өнімге дейінгі үдерісті нақты мысалмен паш етті. Бұрын бұл өнімдердің басым бөлігі шетелдік шикізат есебінен өндірілетін.
Қазақстан экономикасын әртараптандыру стратегиясының негізгі элементтерінің бірі — мұнай-химия саласын дамыту. Полимер өндіру – шағын және орта бизнестің көптеген өкілдері үшін маңызды шикізат көзіне айналуда. Бұл ретте отандық шикізатты игеру айтарлықтай нәтиже беруде: 2022 жылы Қазақстанға полипропиленнің 63%-ы сырттан жеткізілсе, 2024 жылы бұл көрсеткіш 17%-ға дейін қысқарды. Ал 2025 жылдың І тоқсанының қорытындысы бойынша ішкі нарықтағы импорттық гомополимердің үлесі 2%-дан аспады. Осы кезеңде жергілікті өндірістің үлесі 40%-дан 70%-ға дейін өсті.
Қазақстандық өндірушілер үшін жергілікті шикізаттың қолжетімділігі – нақты артықшылықтар: жеткізу мерзімінің қысқаруы, ұлттық валютада есеп айырысу мүмкіндігі және шикізат сапасының тұрақтылығы. Бұрын Ресей немесе Қытайдан жеткізілетін өнім 4–6 апта уақыт алса, KPI өнімін пайдаланумен бұл мерзім 2 аптаға дейін қысқарды. Мысал ретінде тараздық «Полиэтилен-Агро» компаниясы соңғы екі жылда толығымен KPI полипропиленіне көшіп, жеткізу тұрақтылығына қол жеткізді және өндірістік шығындарын қысқартты.
Мұнай-химия өнеркәсібінің дамуы Қазақстанды шикізат экспорттаушы ел ретінде ғана қабылдау түсінігін өзгерте бастады. Енді ел ішкі нарыққа терең өңделген материалдар ұсынып, қосылған құн тізбегі бойымен алға жылжып келеді. Бұл елдің экономикалық тұрақтылығын және өндірістік әлеуетін арттыра түсуде.
KPI даму моделі — халықаралық технологиялық көшбасшылармен стратегиялық серіктестікке негізделген. Бұл серіктестік қазіргі заманғы өндірістік стандарттар мен басқару тәжірибесін енгізуге жол ашты. Жобаның 40%-ы әлемдегі ірі мұнай-химия компанияларының бірі – ресейлік «СИБУР»-ға тиесілі, бұл компания кәсіпорынның қалыптасу кезеңінде алдыңғы қатарлы технологиялар мен шешімдерді тартуда маңызды рөл атқарды.
KPI компаниясы ішкі нарық сұранысына сай полипропилен маркаларының түрлерін кеңейтіп, отандық қайта өңдеушілерге технологиялық қолдау көрсетіп келеді. Бұл өз кезегінде шағын және орта бизнестің өсуіне серпін беруде.
Түркістандағы көрме Қазақстан өнеркәсібінің трансформациясы жалғасып жатқанын айғақтайды. Мұнай-химия саласының дамуы елдің шикізатты терең өңдеу және жоғары қосылған құны бар өнімді өз ішінде өндіру бағытын ұстанып отырғанын көрсетеді. KPI компаниясының мысалында технологиялық даму мен ішкі өндіріс үдерістеріне негізделген жаңа экономикалық модельдің нақты нәтижелері көрініс табуда — бұл бизнес үшін де, жұмыс орындары үшін де, ұлттық индустриялық саясат үшін де маңызды жетістік.