Түркістандағы көру мұнарасы неге жабылып қалды
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Түркістан қаласында абаттандырылып, туристерге арналған нысандардың бірі ретінде ашылған көру мұнарасы қазіргі таңда уақытша жұмысын тоқтатқан.

Қала әкімінің орынбасары Мекенхан Қозыханұлының айтуынша, «Тельман» шағынауданындағы бұл мұнараны жаңғырту жұмыстары 2021 жылы толық аяқталған. Нысанға ішкі жөндеу жүргізіліп, лифт орнатылды, жоғарғы бөлігіне қаланы тамашалауға арналған дүрбі мен фотозона жасалды. Сондай-ақ мұнараның айналасы көгалдандырылып, толықтай абаттандырылды.

Алайда, нысанды пайдалану және оның тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге байланысты туындаған кейбір техникалық және ұйымдастырушылық мәселелерге байланысты нысан уақытша жабылды. Қазіргі таңда әкімдік бұл мәселелерді шешу бағытында жұмыс істеп жатыр.

— Аталған нысан Түркістан қаласы әкімдігінің «Инфрақұрылым және коммуникациялар бөлімі» мемлекеттік мекемесінің балансында тұр. Әкімдік алдағы уақытта мұнараны қайта ашып, оның тұрақты жұмысын қамтамасыз етуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар, нысанды тиімді басқару үшін жауапты мекемеге немесе жеке инвесторға беру мәселесі де қарастырылып жатыр, — деліген Мекенхан Қозыханұлы ұсынған ақпаратта.

Қала билігінің мәлімдеуінше, бұл қадам Түркістанның туристік әлеуетін арттыруға және нысанның тұрақты қызмет етуіне мүмкіндік береді.
— Бұл жоба іс жүзінде орындалған. Қазіргі міндет — туындаған мәселелерді толық шешіп, нысанды қала тұрғындары мен қонақтары үшін қайтадан ашу. Болашақта бұл нысан Түркістанның көрнекті орындарының біріне айналып, туристерді қабылдайтын болады, — делінген ақпаратта.

Айта кетейік, бұдан бұрын Түркістанда салынып жатқан жолдардан кемшіліктер анықталғанын жазған болатынбыз.