Түркістандық ғалымдар Голланд қызғалдағының эксклюзивті түрлерін өсіріп жатыр

Қызғалдақ
Фото: Қ. А. Ясауи атындағы ХҚТУ

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Бүгінде Түркістан өңірі республикадағы қызғалдақ алғаш гүлдейтін мекенге айналып келеді. Қазір де дала гүлдері қауызын ашып тұр.

Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің ботаникалық бағында қызғалдақтың 40-қа жуық түрі өсіріліп жатыр. Ғалымдар қолға алған бастама аясында дала гүлдерін жан-жақты зерттеп, тұқымын сақтап қалу міндеті тұр. 

Жалпы, оқу орнының аумағындағы жылыжай «Қазақстанда қызғалдақтың бастапқы материалдар коллекциясын жасау, эксклюзивті түрлері мен сорттарын көбейту мен өсірудің инновациялық технологиясын әзірлеп қолданысқа енгізу» жобасы бойынша салынған. Басты мақсат - қызғалдақтың перспективті, жерсіндірілген түрлері мен сорттарын өндіріске енгізу, селекция үшін бастапқы материалдар коллекциясын жасау, жедел көбейтудің тиімді әдістерін қарастыра отырып Қазақстанның гүл өсіру саласын дамыту болып табылады.

Қызғалдақ
Фото: Қ. А. Ясауи атындағы ХҚТУ

Бүгінде мұнда биология кафедрасының ғалымдары қызғалдақтың жабайы өсетін түрлері мен мәдени сұрыптарының топтамасын жасау бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Жоба жетекшісі Нұрдана Салыбекованың айтуынша, қызғалдақ қазақтың бренді болып қалыптасуы үшін әлі де көптеген ғылыми зерттеулер жүргізілуі қажет.

«Қазіргі уақытта бүкіл әлем Қазақстан қызғалдақтың тарихи отаны екенін мойындады, бірақ оның көптеген табиғи популяциялары теріс антропогендік әсерге байланысты жойылып кету қаупі бар. Қызғалдақтардың табиғи жаңаруы өте ұзақ процесс. Себебі, гүлді өсімдікті тұқымнан алу үшін 3-4 жылдан 7 жылға дейін уақыт қажет. Біз жергілікті ауа-райына бейімдерін және сұранысқа иелерін іріктеп, арнайы көбейтуді жоспарлап отырмыз. Ол өте қиын жұмыс. Бұл жұмыстарды бастағанымызға үш жыл болды. Сондықтан қызғалдақтың қазақстандық сұрыптарын іріктеу үшін бастапқы материалдар топтамасын жасау қазіргі заманғы биологиялық ғылымның өзекті міндеті болып табылады» - дейді жоба жетекшісі.

Қызғалдақ
Фото: Қ. А. Ясауи атындағы ХҚТУ

Ботаникалық бақта биылғы жылы қызғалдақтың 15 сұрыпының 9000 данасы егілді. Ал, өткен жылы 600 баданасы отырғызылған. Олардың ішінде «Tulipa Curry», «Tulipa Royal Virgin», «Tulipa Sweet Rosy», «Tulipa Novi Sun» секілді эксклюзивті түрлері бар. Сондай-ақ, жабайы қызғалдақтар топтамасының ішінде «Жалған қосгүлді қызғалдақ», «Түркістан қызғалдағы», «Тік сабақты қызғалдақ», «Төрт жапырақты қызғалдақ», «Леммерс қызғалдағы», «Бузе қызғалдағы», «Бём қызғалдағы», «Зинаида қызғалдағы» бар. Сонымен қатар, ботаникалық бақтың базасында «Қазақстан», «Астана» атты сұрыптар да бар. Оларды Қазақстанға Голландық селекционерлер тарту еткен. 

Қызғалдақ
Фото: Қ. А. Ясауи атындағы ХҚТУ

«Жалпы жобаны 2019 жылы университет басшылығымен қолдауымен ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор А.Апушев пен биология ғылымдарының кандидаты, доцент Б.Юсупов ұйымдастырған болатын. Алғашында қызғалдақтың 3 мың данасын өсірген жылыжай көлемі қазір ұлғайды. Онда 9 мың эксклюзивті Голландиялық қызғалдақ гүлдеп тұр.

Қызғалдақтарды көбейтудің инновациялық технологиясы бойынша ғылыми зерттеулер жүргізілуде. Сонымен қатар, Қаратау орманшылығы мен Іле-Алатау ұлттық табиғи паркінде арнайы зерттеу үлескерлері құрылып, жұмыс істеп жатыр» - деді Нұрдана Салыбекова.

Қызғалдақ
Фото: Қ. А. Ясауи атындағы ХҚТУ

Бүгінде Түркістан өңірі республикадағы қызғалдақ алғаш гүлдейтін мекенге айналып келеді. Қазір де қауызын ашып тұр. Ғалымдар да қажетті зерттеуді жүргізіп жатыр. Бұл іске билогоия кафедрасының студенттеріде көмектеседі. Болашақ ғалымдар теория жүзінде алған білімдерін тәжірибемен ұштастырады.

«Қызғалдақтарды өсірудің шетелдік технологиясының скринингі және олардың нақты топырақ-климаттық жағдайларға, әсіресе ашық топырақта бейімделуі Қазақстанның бәсекеге қабілетті гүл өсіру шаруашылығының қалыптасуына ықпал ететін болады. Европадағыдай 9 градуста өсіру технологиясы біздің өңірге сәйкес келмейді. Сондықтан біздің аймақ үшін қызғалдақ өсіру технологиясының негізгі тәсілдері зерттелуде. Атап айтар болсақ, температуралық, ылғалдылық, топырақ жағдайы ерекшеліктері үшін өсіруге қолайлы сорттардың ұсынымдары жасалуда» - дейді жоба жетекшісі Нұрдана Салыбекова.

Соңғы жаңалықтар