Түркістандық көлік жүргізушінің айыппұлы 6,6 млн теңгеге жеткен
Түркістан облысында жылдамдық режимін бұзған жүргізушінің айыппұлы 6 миллион теңгеден асып кеткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ескі көлік қалада еркін жүрген. Тіпті, жүргізуші трассаға да шығып, қалааралық жолдарда көлік тізгіндеген. 6 миллион теңгеден астам айыппұлы бола тұра, жол ережелерін бұзған.
Тәртіп сақшылары айыппұлы көлігінен қымбат болып кеткен жүргізушіні «Шымкент-Самара» тас жолында тоқтатты. Тексеру нәтижесінде жүргізушінің әкімшілік айыппұлдарының 80 пайызы жылдамдық режимін бұзумен байланысты екенін анықтады.
«Түркістан облысының патрульдік полиция батальон қызметкерлерінің планшеттеріне «Қорғау-қауіпті жүргізуші» мобильдік бағдарламасы арқылы төленбеген айыппұлдары бар «Фольксваген Пассат» маркалы автокөлік туралы ақпарат берілді. Сот орындаушысының қаулысына сәйкес, оның жалпы сомасы 6,6 миллион теңге төленбеген айыппұлы болған. Тәртіп сақшылары көлікті айыптұраққа қойып, жүргізушіге берешекті уақтылы төлеу қажеттігі туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді», - деді Түркістан облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Бағланбек Айтпаев.