Түркістандық ұстаз әлем тілдеріндегі 100-ден аса өлеңді қазақ тіліне аударған

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM - Келес ауданындағы Т.Бегманова атындағы жалпы білім беретін мектебінің өзбек тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Робия Дустанова әлем тілдеріндегі 111 өлеңді қазақ тіліне аударма жасаған. Сондай-ақ, қазақ классик ақындарынан және қазіргі қазақ поэзиясынан 135 өлеңді өзбек тіліне тәржіма жасапты.

Робия Дустанова
Фото: Kazinform

Дарынды мұғалім Қазақстанға 2000 жылдардың басында көшіп келген. Қазіргі таңда аталған білім ордасында жас өрендерді тәрбиелеп, балаларға білім беріп келеді.

«Жас кезімнен ақындық өнерге қатты қызықтым. Бүгінгі күні балаларға өзбек тілі мен әдебиетінен сабақ беремін. Сонымен қатар сабақ барысында әлем ақындарының өмірі мен шығармашылығын зерттейміз. Қазақ тілінен өзбек тіліне Мұқағали Мақатаевтың шығармаларынан 50 өлең, басқа қазақ классик ақындарынан 41 өлең, заманауи қазақ поэзиясынан 44 өлең, жалпы 135 өлең аудардым. Әлі де шығармашылық ізденістемін», - деді ұстаз. 

Сондай-ақ, өзбек тілінен қазақшаға 96 өлең, қарақалпақ тілінен 1 өлең, орыс поэзиясынан 6 өлең, құмық тілінен 5 өлең, түрік және әзірбайжан тілінен 2 өлең аударған. Өзі де арасында өлең жазып тұрады. Бүгінде ұстаздың жазбалары мен аудармалары Түркия мен Өзбекстанда басылған жинақтарға да енген.

Бұдан бөлек, ұлағатты ұстаз облыстық, республикалық, халықаралық байқаулар мен форумдарға қатысып тұрады. 

Айта кетейік, Келес ауданының білім бөліміне қарасты 63 білім ошағы болса, онда 4007 педагог оқушыларға білім беруде. Соның ішінде педагог-модератор санатындағы мұғалімдердің саны 864-ті құрайды. Сонымен қатар 1 144 педагог-сарапшы болса, 762 мұғалім педагог-зерттеуші болып қызмет атқарады. Шебер педагогтердің саны 32-ні құрап отыр. Сондай-ақ, 1257 кіші қызметкер білім саласында еңбек етеді.

Соңғы жаңалықтар