Түркістандықтар құмның көшуін тежейтін сексеуіл ағашын өсіріп жатыр

түркістандықтар
Фото: Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM - Өңірдегі Созақ, Отырар, Шардара аудандары мен Арыс қаласының аумағында сексеуіл алқабы жылдан жылға ұлғайып келеді. 

Жалпы сексеуіл ағашы құмды өңірде көп өседі. Табиғаты шөлді, жері құмды келетін аймақтарға тез жерсінеді. Ағаштың биіктігі 10 метрге, ал ені 40-50 см дейін жетеді. Табиғат қорғау саласы мамандарының айтуынша сексеуіл - ең алдымен құмның көшуін тоқтатады. Себебі, 2-3 метр тереңдікке бойлаған тамырының өзі-ақ, дала құмының жылжуына тосқауыл болады.

«Еліміздің аумағында сексеуілдің үш түрі кездеседі. Біздің өңірде соның екеуі бар. Ақ және қара сексеуіл. Ал, Зайсан сексеуілі Балқаш аймағында өседі. Бүгінде Созақ, Шардара, Отырар аудандары мен Арыс қаласының аумағында сексеуіл алқабы жылдан жылға көбейіп келеді. Жалпы, Сексеуіл – қасиетті ағаш. Оның табиғатқа тигізер пайдасы зор. Құм көшкінін сексеуіл тоқтады. Қазіргі таңда шөлді аймақта құм көшкіні басылған» - дейді Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы Хамитбек Жорабаев.

сексеуіл
Фото: Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы

Өңірде өткен жылы 6750 гектар алқапқа 33750 келі сексеуіл тұқымы себіліп, 7 500 000 түп өсірілген. Биыл 9500 гектар жерге сексеуіл тұқымын себу үшін жер айдау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Күз айларында 9500 гектар аумаққа 47500 кг сексеуіл тұқымы себіліп 10 млн. 545 мың түп сексеуіл ағашы өсірілетін болады.

«Ел егемендігін алған жылдары халыққа көмір алу қиынға соқты. Сол кезде көпшілік сексеуілді отын ретінде пайдаланды. Себебі, қызуы күшті, әрі көп уақытқа сақталады. Содан сексеуіл алқаптары қатты зардап шеге бастады. Тіпті, үлкен қалаларға алып барып сатушыларда шықты. Арада бірнеше уақыт өткенде мемлекеттік деңгейде сексеуіл ағаштарын алуға заңмен тыйым салынды. Әрбір жанар май құю бекеттерінің алдында сексеуіл сатылатын. Олар да тоқтады» - дейді Хамитбек Жорабаев.

«Созақ орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі директорының орынбасары Самат Құлтасұлының айтуынша, бүгінгі таңда Созақ ауданында сексеуіл орманының алқабы ұлғайған. Мәселен, 2022 жылы Созақ орманшылары 4 650 гектар жерге 23 250 келі сексеуіл дәнін сеуіп, құмды аймақты жасыл желекке айналдырып отыр. 

«Созақ орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесіне қарасты орман қоры жері 1 миллионнан аса гектар жерді құрайды. Алдағы уақытта алқаптың орманмен көмкерілген жер көлемі 735571 гектарға жетпек. Орманды жерлерде жүзген, жыңғыл, сораң, теріскен сияқты ағаш-бұталардың басқа да түрлері бар. Ал өте көп тараған ағаш түрі – қара сексеуіл, ол орманмен көмкерілген жердің 70 пайызға жуығын алып жатыр» - дейді ол.

Сексеуіл
Фото: Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы

Сексеуілді рұқсатсыз кесу – қылмыс. Өткен жылы бұл бағытта орман күзеті қызметкерлерінің күшімен 3 фокті тіркелген. 

«Отырар ауданында 1, Шардара ауданында 2 оқиға орын алды. Барлық істер аудандық соттарда қаралды. Заңсыз кесілген сексеуіл сүрегі (отыны) мемлекет есебіне тәркіленді. Әр заң бұзушыға 70 АЕК есебінде айыппұл салынды», - деді Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы Хамитбек Жорабаев. 

Еске салсақ, бұған дейін Арал теңізінің құрғаған аумағына 4,4 млн-нан астам сексеуіл көшеттері егілетінін жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар