Түркістанға өзге өңірлер тарту еткен ғимараттардың бүгінгі жағдайы қалай

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Түркістан қаласы облыс орталығы атанған сәтте өзге өңірлер сый ретінде бірнеше ғимарат салып берген болатын. Олардың ішінде Шығыс моншасы, Визит орталық, Неке сарайы секілді әлеуметтік нысандар да бар. Кейіннен ел ішінде аталған ғимараттар жеке меншікке сатылып кетіпті деген әңгіме де «гу» ете қалды. Сол кезде баспасөз брифингін өткізген әкімдік әлеуметтік нысандардың сатылмағанын, тек сенімгерлік басқаруға берілгендігін айтқан болатын. Ал, сенімгерлік басқаруға берілген нысандардың бүгінгі жағдайы қалай? Бұл бойынша Kazinform тілшісі Түркістан қаласының әкімдігіне сұрау салды.

Түркістан/қала
Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform

Бұрын Түркістан қаласының әкімдігі мен мәдениет үйі ретінде халыққа қызмет етіп келген орталықтағы қос нысанның тағдыры ел ішінде көп талқыланды.

Ал, Түркістан қаласы әкімнің орынбасары Талғат Төлегенов ұсынған жауапқа сүйенсек, 2020 жылы бұрынғы әкімдік пен мәдениет үйі заңға сәйкес аукцион арқылы жекешелендіруге берілген. 

Түркістан
Фото: azattyq-ruhy.kz

— Аталған ғимараттарды жекешелендіру кезінде аукционның заңсыз өткені бойынша сотқа арыз түскен. Сот шешімімен екі ғимараттың да талап арызы қанағаттандырусыз қалдырылды. Яғни бәрі заң аясында өткізілгені туралы шешім шықты. Қазіргі таңда ескі әкімдік ғимаратының жеңімпазы білім саласына инвестиция құйып, «Болашақ» колледжін ашты. Жекешелендіру кезінде жеңімпазға ғимаратты нақты бір мақсатта пайдалану бойынша заң аясында міндеттеме қойылмайды. Ал, мәдениет үйінің жеңімпазы заңға сәйкес инвестиция тарта отырып, қандай мақсатта ғимаратты қолдануды өз құзырында қалдырады, — делінген әкімдік жауабында.

Туркестан Түркістан
Фото: Мақсат Шағырбаев/ Kazinform

Қала әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, Түркістан қаласында 2020-2024 жылдар аралығында 5 нысан кейіннен сатып алу құқығынсыз сенімгерлік басқаруға берілген.

Оның ішінде Шығыс моншасы, Неке сарайы, Визит орталығы, Қолөнершілер орталығы, «Жібек жолы» аттракциондар саябағы бар. 

— Түркістан қаласында соңғы 5 жылда көптеген жаңа ғимараттар мен нысандар бой көтерді. Ғимараттарды күтіп ұстау, жетілдіру және инвестиция құю бюджеттен көп ақша талап етеді — дейді әкімдіктегілер. 

Шығыс моншасы Түркістанға Қызылорда облысының тартуы ретінде тұрғызылған. Нысан 2020 жылы «Qurylys Nurcity» ЖШС-не 5 жыл мерзімге кейіннен сатып алу құқығынсыз сенімгерлік басқаруға берілді.

монша
Фото: Қайрат Зайнишев/Kazinform

Алайда, биылғы наурыз айында құрылтайшы атынан әрекет ететін Түркістан қаласы әкімдігінің экономика және қаржы бөлімі және «Qurylys Nurcity» ЖШС-мен 2020 жылы 16 сәуірде жасалған сенімгерлік басқару шарты ғимаратты дұрыс пайдаланбағаны үшін екі жақтың келісімімен мерзімінен бұрын бұзылған. 

Содан мемлекеттік мүлік тізілімі веб-порталында жарияланған электрондық сауда–саттықта жеке кәсіпкер «Оразхан» жеңімпаз атанды. Ол ғимаратты инвестиция тарту және кіріс көздерін ұлғайту мақсатында кейіннен сатып алу құқығынсыз 10 жыл мерзімге сенімгерлік басқаруға алды.

Сондай-ақ, кәсіпкер таза табыстың 60 пайызын бюджетке аударып отыруға міндеттелді. Қазіргі таңда өз қаражаты есебінен жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. 

Неке сарайы 2021 жылы «Бастама KZ» ЖШС–не кейіннен сатып алу құқығынсыз 10 жыл мерзімге сенімгерлік басқаруға берілген. Таза табыстың 50 пайызын жергілікті бюджетке аударып отырады.

неке
Фото: Қайрат Зайнишев/Kazinform

Сенімгерлік басқарушы неке қию рәсімдерін өткізу арқылы және мақсатты пайдалануы неке қию рәсіміне қажетті қызметтерді көрсететін кәсіпкерлерге шаршы алаңды субарендаға беру арқылы пайда тауып, ғимараттың коммуналдық шығындарын, күтіп ұстау шығындарын, ағымдағы жөндеу жұмыстарының шығындарын және салығын, қызметкерлерінің жалақысын төлеп отырады. 

Визит орталығы Түркістан қаласына келетін туристерге қолайлы жағдай жасау, кіріс көздерін ұлғайту және бюджет шығындарын азайту мақсатында заң аясында кейіннен сатып алу құқығынсыз 10 жыл мерзімге сенімгерлік басқаруға берілген.

туркестан
Фото: Қайрат Зайнишев/Kazinform

Кәсіпкер ғимаратқа инвестиция салып, барлық күтіп ұстау шығындарын көтеріп, кірістерінің бір бөлігін бюджетке төлеп отыруы тиіс болған. Дегенмен, «Визит орталығы» орталығы бойынша ғимаратты дұрыс пайдаланбағаны үшін заңды тұлға «Түркістан экскурсия бюросы» ЖШС-мен екіжақты келісімге сәйкес келісімшарт бұзылып, аталған ғимарат мемлекет теңгеріміне қайтарылды. 

Бүгінгі таңда Түркістан қаласы әкімдігінің 2023 жылғы 16 қарашадағы «Коммуналдық меншіктің кейбір мәселелері туралы» № 451 қаулысы және Түркістан облысы әкімдігінің 2024 жылғы 25 қаңтардағы № 16 қаулысымен «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің теңгеріміне өткізілген. 

Қолөнершілер орталығы — Мемлекеттік мүлік тізілімі веб-порталындағы 2023 жылғы 30 наурыздағы № 275901 электрондық хаттама негізінде «Шебер-Арт» ЖШС-не кейіннен сатып алу құқығынсыз 10 жыл мерзімге сенімгерлік басқаруға берілген. Кәсіпкер таза табыстың 50 пайызын бюджетке аударады. 

«Жібек жолы» аттракциондар саябағы «Ashyq aspan park» ЖШС-не кейіннен сатып алу құқығынсыз 10 жыл мерзімге сенімгерлік басқаруға берілген. Мұнда да таза табыстың 50 пайызы бюджетке аударылады. 

Түркістан
Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform

Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Талғат Төлегенов кейіннен сатып алу құқығынсыз сенімгерлік басқару — мемлекеттік мүлікті жекешелендіру емес екендігін түсіндірді. Яғни, мемлекеттік мүлік мемлекеттің меншігінде болады, жеке меншікке өтпейді.

— Түркістан қаласы әкімдігі тарапынан берілген «Шығыс моншасы», «Қолөнершілер орталығы», «Жібек жолы» аттракциондар саябағы, «Неке сарайы» және «Визит орталығы» ғимараттары мемлекеттік мүлік тізілімі веб-порталы арқылы электрондық тендермен бәсекелестік ортаға мүлікті уақытша пайдалануға беру болып табылады. Бұл жерде жеке кәсіпкер ғимараттарды пайдаланудан тапқан табысының бір бөлігін келісімшартқа сәйкес бюджетке аударады. Сенімгерлік басқару келісімшартының мерзімі біткеннен кейін ғимарат мемлекетке қайтарылады. Сенімгерлік басқару келісімшарты бойынша ғимарат жекешелендіруге жатпайтындығын хабарлаймыз, — дейді Талғат Төлегенов.

Сондай-ақ, кейіннен сатып алу құқығынсыз сенімгерлік басқаруға берілген нысандардың иелеріне жалпы нысан бойынша мақсатты пайдалануы, ғимаратты күтіп ұстау, коммуналдық төлемдерін төлеп отыру, ғимараттарды Қазақстанның барлық құрылыс, өрт қауіпсіздігі, санитарлық, экологиялық нормаларына келтіруге және объектінің сақталуын қамтамасыз ету, ғимараттарды сенімгерлік басқарушының қаражаты есебінен қажетті инфрақұрылыммен (электр, су жабдықтары, кәріз, жылу жабдықтары желілері) қамтамасыз ету және ғимаратты сенімгерлік басқарудан түскен таза табыстың бір бөлігін жергілікті бюджетке аудару жүктелген.

Туркестан Түркістан
Фото: Мақсат Шағырбаев/ Kazinform

 

Соңғы жаңалықтар