Түркістанға жауған қарды дер кезінде түсіріп үлгермесең еріп кетеді - қала тұрғыны
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – #Qazalemi хэштегімен жарияланған байқауға қатысқан түркістандық тұрғын Ердәулет Сағындық қысқы қаланың көшелерін желіге жүктеді.
Ердәулет Сағындықтың хоббиі суретке түсіру. Бала күнінен сурет салғанды ұнататын ол, өсе келе кәсіби фотограф болуды армандаған. Бұл бағытта арнайы фотоаппаратта сатып алыпты. Содан күнделікті көзіне түскен әдемі кадрларды таспалауға әдеттенген.
- Көбінесе табиғатты түсіргенді ұнатамын. Ел аралап, ерекше жағдайларды кезіктірсем деймін. Еліміздегі ауыл аймақтарды суретке түсіргім келеді, - дейді ол.

Ердәулет Түркістан қаласында дүниеге келген. Осында білім алып, еңбек етіп келеді. Қаланың әрбір тарихи сәттерін қалт жібермейді. Суретке түсіріп, архивіне сақтап қояды.
- Түркістан қаласының көшелерін, кесене аумағын жиі суретке түсіріп аламын. Себебі, қала облыс орталығы атанған сәттен бастап қатты өзгере бастады. Менде қазір бұрыңғы ескі көшелер мен ғимараттардың суреттері сақталып тұр. Алдағы уақытта барлығын жинақтап фотокөрме өткізуді жоспарлап отырмын, - дейді Ердәулет.

Түркістандық тұрғын #Qazalemi хэштегімен жарияланған байқау туралы whatsapp желісінен білген. Содан бірден Instagram парақшасына өзі түсірген суреттерді іздеп тауып, жүктеген.
- Жалпы Түркістанда қарды кездестіру қиын. Жауған күні суретке түсіріп үлгермесең, 2-3 сағат ішінде еріп кетеді. Байқау басталардан екі күн алдын Түркістанға қар жауды. Содан, өзіме ұнайтын суреттерді түсіріп алған болатынмын. Кейін байқау туралы естігенде бірден архивімді ақтардым, - дейді Ердәулет Серікұлы.

Айта кетейік, бұған дейін танымал актер әрі продюсер Нұрлан Қоянбаев Instagram желісіндегі парақшасында Қазақстанның Тәуелсіздік күніне орай байқау ұйымдастырған болатын.
Қатысушылар өз аймағындағы қыс келбетін және қысқы, көрікті жерлерді сурет пен видеоға түсіріп, #Qazalemi хэштегімен әлеуметтік желіге жүктеуі қажет.
Ең креативті жұмыстардың авторларына сыйлықтар — жаңа смартфондар мен шипажайға жолдама беріледі. Байқау қорытындысы 27 желтоқсанда жарияланады.

Айта кетейік, бұдан бұрын туған жердің табиғатын әлеуметтік желі арқылы танытып жүрген Төлеби ауланының тұрғыны жайында жазған болатынбыз.
Кейіннен кентаулық тұрғын қаланың қысқы көрінісі бейнеленген суреттер жариялады.