Түркістаннан Өзбекстанның үш қаласына жаңа әуе рейсі ашылады
ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Желтоқсан айынан бастап SCAT әуе компаниясының ұшақтары Түркістаннан Өзбекстанның Үргеніш, Бұхара және Самарқанд шаһарларына тікелей рейс орындайды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Uzbekistan Airports компаниясының мәліметінше, Түркістан — Үргеніш — Түркістан бағыты бойынша рейс 1 желтоқсаннан бастап жолға қойылады. Жоспарға сай, ұшақтар дүйсенбі, жұма және жексенбі күндері жолаушылар тасымалдайды.
Ал Түркістан — Бұхара — Түркістан бағытындағы алғашқы әуе рейсі 2 желтоқсанда орындалады. Ол сейсенбі, бейсенбі және сенбі күндері жүзеге асырылмақ.

Сондай-ақ, Түркістан — Самарқанд — Түркістан бағыты бойынша тұрақты рейстер 3 желтоқсаннан басталады. Ұшақтар әр сәрсенбі, жұма және жексенбі күндері жолаушыларды тасымалдамақ.
Команиядан атап өткендей, жаңа маршруттарды ашу Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы өңіраралық байланыстарды нығайтып, туризмді дамытуға серпін береді.
Мәлім болғандай, бүгінде аталған рейстер бойынша билеттер сатылымға шықты.
Еске салайық, биыл 3 шілдеде Өзбекстанның Centrum Air әуе компаниясы Нүкіс — Ақтау — Нүкіс бағыты бойынша жаңа тұрақты рейсті жүзеге асыра бастады. Сондай-ақ, мамырда Астана-Самарқанд бағыты бойынша жаңа әуе рейсі ашылды.