Түркістанның жеке дизайн-коды енгізіледі
АСТАНА. KAZINFORM – Түркістан қаласының әкімдігі мен мәслихатына қосымша 34 құзырет беріледі. Бұл туралы бүгін Мәжілісте «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» заң жобасының таныстырылымы барысында Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков айтты.

«Заң жобасы аясында Түркістан қаласының әкімдігі мен мәслихатына қосымша 34 құзырет беру көзделген. Бұл тұрғыда қала мәслихатына 7 құзырет беріледі. Осы орайда қала құрылысы регламентін мен қаланың дизайн-кодын, сәулет келбетін қалыптастыру және қала құрылысын жоспарлау қағидаларын, ұлттық қолөнер саласындағы шеберлер шығындарының белгілі бір бөлігін бюджеттен өтеу қағидаларын, бейнебақылау мониторингін жүргізу қағидаларын, көпшілікті тамақтандыру, сауда және қызмет көрсету стационарлық емес объектілерін, жазғы алаңдарды орнату қағидаларын, сондай-ақ Түркістан қаласының аумағында нышанды пайдалану тәртібін бекіту ескерілген», - деді Б.Омарбеков.
Оның айтуынша, қала әкімдігіне 27 құзырет беріледі, олар негізгі 3 бағытқа бөлінген. Бірінші бағыт қаланың мәдени игілігі мен рухани дамуын сақтау мәселелерін реттеуге, сондай-ақ тарихи-мәдени мұра объектілерінің сақталуын қамтамасыз етуге бағдарланған.
Осы міндеттерді іске асыру үшін Түркістан қаласының әкімдігіне келесі құзыреттерді беру ұсынылды:
- жергілікті маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіштердің пайдаланылуына және оларды күтіп-ұстау тәртібіне мемлекеттік бақылауды жүргізу;
- қаланың тарихи-мәдени мұра объектілерін анықтауды, есепке алуды, сақтауды, зерттеуді, пайдалануды және олардың жай-күйіне мониторинг жүргізуді қамтамасыз ету;
- жергілікті маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіштердің ғылыми реставрация жұмыстары бойынша ғылыми-жобалау құжаттамасын келісу.
«Екінші бағыт кесене айналасындағы құрылыс стандарттарын және қала аумағында бірыңғай құрылыс стилін қолдануға бағытталған. Бұл ретте, Түркістан қаласының әкімдігіне келесі құзыреттерді беру ұсынылды: қаланың дизайн-кодын және қала құрылысы регламентін әзірлеу, қала құрылысы кеңесін құру және оның ережесін бекіту», - деді вице-министр.
Үшінші бағыт туристік қызметке жәрдемдесу мәселелерін реттеуге және оны дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасауға арналған. Осы тұрғыда Түркістан қаласының әкімдігіне туризм инфрақұрылымын дамыту шараларын қабылдау құзыретін беру жоспарланған.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің айналасында құрылыс шектеледі.