16:36, 05 Тамыз 2025 | GMT +5
Түрмедегі әйелдердің жағдайы жеңілдейді – жоба
АСТАНА. KAZINFORM – Ішкі істер министрлігі қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің ішкі тәртіп қағидаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша құжат әзірледі. Құжат жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланды.

Құжатқа сәйкес, өзгерістер қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде әйелдерді ұстау жағдайын жақсартуға бағытталған.
Жобада келесі өзгерістер көзделген:
- кәмелетке толмаған балалары бар сотталған әйелдер үшін бөлек күн тәртібін әзірлеу;
- жүкті әйелдерге, сондай-ақ 58 жастан асқан әйелдерге жеке уақытында ұйықтау орындарын пайдалануға рұқсат беру;
- моншаға бару жиілігін аптасына екі ретке дейін арттыру;
- орамалмен қатар қолдануға рұқсат етілетін жаңа бас киім түрі, яғни бейсболкаға рұқсат беру;
- тексеру мен сап түзеуді үй-жайда өткізуге рұқсат беретін ауа температурасының шекті деңгейін (минус 20°C) нақтылау;
- рұқсат етілген сәлемдеме салмағына кірмейтін жеке гигиена және бала күтіміне арналған заттардың тізбесін енгізу;
- балалармен ғимарат қабырғасы арқылы емес, қысқа мерзімде тікелей кездесу мүмкіндігін беру;
- балалармен күнделікті телефон арқылы сөйлесуге құқық беру;
- шаш күтіміне арналған тұрмыстық техника есебінен рұқсат етілген заттар тізімін кеңейту.
Құжат жобасы биыл 19 тамызға дейін қоғамдық талқылауға ұсынылып отыр.
Бұған дейін енді педофилдерге түрмеден шыққанға дейін кастрация жасалатыны туралы жазған едік.