Түрмеден шығарып берем: Астанада 57 млн теңгеден астам ақша алған алаяққа сот үкімі шықты
АСТАНА. KAZINFORM — Астанада танысын қылмыстық жауаптылықтан босатуға көмектесемін деп 27 млн теңге мен 30 мың доллар алған ер адам 6 жыл 10 айға сотталды. Сотталушы ақшаны иемденгені үшін кінәлі деп танылды. Бұл туралы Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты мәлім етті.
Сот материалдарына сәйкес, бұған дейін бірнеше рет алаяқтық жасағаны үшін сотталған А. есімді азамат Д.-ға қатысты қылмыстық істің тергеліп жатқанын білген. Сондай-ақ оның туыстары істің оң шешілуіне мүдделі екенін аңғарған.
Осы жағдайды пайдаланған ол жәбірленуші Г.-ның ақшасын иемденуді жоспарлаған. 2023 жылғы қаңтарда ортақ танысы арқылы Г.-мен кездесіп, өзінің байланыстары бар екенін және қылмыстық істің барысына ықпал ете алатынын айтқан. Д.-ны қылмыстық жауаптылықтан босатуға көмектесетінін айтып, қызметі үшін 27 млн теңге талап еткен.
Уәдесіне сенген Г. 2023 жылғы 20 қаңтарда делдал арқылы А.-ға аталған соманы берген.
Алайда Д. кейін 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылған. Осыдан соң А. жәбірленушіге тағы да хабарласып, апелляциялық сатыда Д.-ны ақтап алуға көмектесе алатынын айтқан. Бұл жолы ол 30 мың АҚШ долларын талап еткен.
Нәтижесінде Г. 2023 жылғы 10 қыркүйекте 20 мың доллар, ал 24 қыркүйекте қалған 10 мың долларды берген.
Осылайша, А. жәбірленушінің 27 млн теңгесі мен 30 мың долларын иемденіп, оған аса ірі мөлшерде материалдық залал келтірген. Кейін жәбірленушіге 39 млн 132 мың 900 теңге қайтарылған.
Сот қандай шешім шығарды?
Сот отырысында прокурор А.-ны 8 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Ал сотталушы өз кінәсін мойындамай, өзін ақтауды талап етті.
Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігінің 2) тармағында мұндай қылмыс үшін 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Сот жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде сотталушының асырауында кәмелетке толмаған балалары бар екенін және келтірілген залалды ішінара өтегенін ескерді. Ал қылмыстың қайталануы жазаны ауырлататын мән-жай деп танылды.
Істің мән-жайын, қылмыстың сипаты мен ауырлығын, сондай-ақ жәбірленушінің пікірін ескере отырып, сот А.-ға Қылмыстық кодекстің 60-бабы бойынша түпкілікті 6 жыл 10 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Жәбірленушінің азаматтық талабы қанағаттандырылды.
Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Бұған дейін Астанада 15 адамды алдап, 21 млн теңгеден астам ақша алған жалған жөндеуші сотталған болатын.