Түрмеден шыққан туберкулез дертіне шалдыққандарды емдеудің тиімді жүйесі жоқ - зерттеу нәтижесі
Аталған шара ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен ҚР Ішкі істер министрлігі Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің бастамасымен ұйымдастырылып отыр. Еуропалық одақ пен Орталық Азиядағы «Халықаралық түрме реформасы» ұйымының қаржылай қолдауымен өтіп жатқан мәжілісте адам құқықтарын қорғау және туберкулезбен күрес жөніндегі «Үміт сәулесі» қорының біржылдық зерттеу жұмысының қорытындысы талқыланып жатыр. Қор директоры Любовь Рубежанская атап көрсеткендей, бүгінде қамаудан шыққан азаматтардың туберкулезді емдеу шараларын жалғастырмай жатудың басты себебі - өз денсаулығына немқұрайлы қарауы. «Кей кезде олар денсаулыққа келер зиянды толығымен түсінбейді. Сол себепті қамаудан шыққан соң, туберкулезді емдеу шараларын жалғастырмай жүре береді. Негізі, Қазақстанда осы топтағы азаматтарды емдеудің тиімді жүйесі қалыптаспаған», - дейді Л. Рубежанская.