Түрмелер орналасқан жерлерде ұялы байланыстың таралымын шектеу қажет - ІІМ

АСТАНА. 31 мамыр. ҚазАқпарат - Ұялы байланыс операторларын түрмелер орналасқан жерлерді ұялы байланыстың таралу аймағынан алып тастауды заңмен міндеттеу қажет.
None
None

Бұл туралы бүгін «Нұр Отан» ХДП-нің Жемқорлықпен күрес жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің отырысында ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті төрағасының міндетін атқарушы Жанат Кешубаев мәлім етті.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта қылмыстық-атқару жүйесінің жабық үлгідегі мекемелерінің 77-сінде ұялы байланысты тұншықтыратын арнайы құрал-жабдықтар орнатылған. Бұл сотталушылар арасында ұялы телефондарды қолдану фактілерін 50 пайызға дейін қысқартуға мүмкіндік берді. Алайда бұл тиімсіз әрі үлкен қаражатты талап етеді.

«Мәселен, 32 мекемеде ұялы байланыс 85-тен 100 пайызға дейін, 40 мекемеде 80 пайызға дейін тұншықтырылады. Осыған орай, елдегі барлық ұялы байланыс операторларын ҚАЖ мекемелері орналасқан жерлерді ұялы байланыстың таралу аймағынан шығарып тастауды заңдық түрде міндеттеу - аталмыш мәселені шешудің ықпалды шарасы деп есептейміз. Ұялы байланысты тұншықтыратын құрылғыларды сатып алу және 3G, 4G жүйелерінің қарқынды дамуына байланысты оларды әрдайым жаңартып отыру - едәуір тиімсіз әрі қыруар қаражаттарды талап етеді», - деген ол, ҚАЖ мекемелерінде ұялы байланысты шектеудің маңыздылығын ескеріп, Үкімет бірқатар мемлекеттік органдарға тиісті тапсырмалар жүктегендігін де атап өтті.

Соңғы жаңалықтар