Тұрмысы төмен отбасыдан шыққан оқушылардың 99 пайызы мектептерде тегін ыстық тамақпен қамтылып отыр

АСТАНА. 19 қараша. ҚазАқпарат - Қазақстанның бес өңірі басшыларының бастамасы арқасында мектептердегі бастауыш сыныптардың оқушыларын ыстық тамақпен қамту 100 пайыз орындалып отыр. Бұл туралы бүгін Мәжілісте «Нұр Отан» партиясы фракциясы жанындағы Әлеуметтік кеңесінің отырысында Мәжілістегі Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің кеңейтілген отырысында Білім және ғылым министрлігінің Жауапты хатшысы Әлия Ғалымова осылай мәлім етті. Еске салсақ, кеңес отырысында «Мектептегі баланың тамағын ұйымдастыру мәселесі» талқыланған болатын.

Тұрмысы төмен отбасыдан шыққан оқушылардың 99 пайызы мектептерде тегін ыстық тамақпен қамтылып отыр

Жауапты хатшының айтуынша, жүйелі түрде бастауыш сынып оқушыларын ыстық тамақпен қамтамасыз етіп отырған өңірлер арасында Астана және Алматы қалалары, Ақтөбе, Атырау және Батыс Қазақстан облыстары бар. Бұдан бөлек, бүгінгі таңда еліміздің 10 өңіріндегі мектеп оқушыларының арасында аз қамтылған отбасыға жататын оқушыларды ыстық тамақпен қамту 100 пайызға атқарылып келеді.

«Жалпы алғанда жалпы білім беретін оқу мекемелерінде ыстық тамақпен қамтамасыз ету (ақылы және ақысыз негізде) оқушылардың 79 пайызын немесе 1 млн. 929 мың 785 оқушыны қамтып отыр. Соның ішінде еліміздегі әлеуметтік қорғалмаған отбасыдан шыққан оқушылардың 99 пайызы тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. Білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, бұл көрсеткіш биыл 92 пайызға жетуі тиіс болатын. Ал бағдарлама қабылданғанға дейін ол бар-жоғы 70 пайыз еді», - дейді жауапты хатшы Ә. Ғалымова.