Тұрпанда жер бетінің температурасы 80℃-тан асты - шетелдегі қазақ баспасөзі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Тұрпанда жер бетінің температурасы 80℃-тан асты- CNR


Соңғы бірнеше күнде Шыңжаңның Тұрпан қаласында үздіксіз жоғары температура сақталды. «Жалынтау» көрініс аумағы маңында жер бетіндегі ең жоғары температура 80°C-қа дейін жетті. Бірақ осындай ыстық болсада туристердің келуі еш төмендеген жоқ, олар керісінше «өте ыстық» сезімді бастан кешіруді қалады, деп жазады Қытайдың Орталық халық радиосы ақпарат порталы.

Шілденің 16-сы күні Шыңжаңның Тұрпан қаласындағы ауа райын бақылау бекетінің мәліметінше, ең жоғары температура 45°С-тан басталған, кейбір жерлерде ең жоғары температура 50°С-тан асты.

Жалындаған «Жалынтаудың» көркем аймағында қызыл-қоңыр тау аптап ыстық күн астында жалындап тұрды.

Күндізгі сағат 3-те температура күннің ең жоғарысы болатыны белгілі. Көрікті аймақтағы алып термометр нақты уақыттағы бет температурасының 80℃-қа жеткенін көрсеткен.

«Қазіргі уақытта «Жалынтау» көркем аймағына келетін туристер саны күніне 6000-ға жуық адамды құрайды. Температураның жоғары болуына байланысты жергілікті жерде аптап ыстықтан сақтану және салқындату үшін түрлі шаралар қабылдануда. Туристерге балмұздақ беріп қана қоймай, сонымен қатар сыртқы кондиционерлерді ұйымдастырып, аптап ыстықтан сақтануға дәрі-дәрмек әзірледі» деп жазды Қытайдың «Орталық халық радиосы».

Қандасымыз халықаралық шахмат турнирі нде жүлдегер атанды – Kaznews


«Issykkul Open 2023» халықаралық шахмат турнирі 11-21 шілде аралығында Қырғызстанның Корумду қаласында өтті.

Аталмыш халықаралық турнирге моңғолиядан Жаннұр Көпжасарқызы қатысып, қола жүлдегер атанды, деп хабарлайды Моңғолияның Kaznews ақпарат порталы.

Моңғолиялық БАҚ-тың мәліметінше, Жаннұр Көпжасарқызы халықаралық рейтингіде 1703 ұпаймен, В – халықаралық рентингі 1650 мен 1999 арасындағы ойыншылармен бақ сынасқан.


Айта кетейік, Ыстықкөлдегі шахмат сайысы 3 турнирден өтті. Жарыстың кепілдендірілген жүлде қоры – 1 589 000 сом (18000$). Жүлделі орынға ие болған қатысушылар арнайы сыйлықтар мен тиісті дәрежелі диплом және медаль, ақшамен марапатталды.

Жасөспірім 10 жыл жаңармаған рекордты жаңалады - Жэньминь жибао


«Қытайдың Жыжияң өлкесі Юйао қаласындағы Лубу Таун орта мектебінің кіші орта мектебінің түлегі Чжоу Ци жіптен секіруден(скакалка) жаңа әлемдік деңгейге көтерілді. Ол бір минутта 374 рет секіріп, 10 жылдан бері жапондықтың қолында болған Гиннестің рекордын жаңартты және бұл рекордта бір минутта бұрынғыдан 26 рет артық секіре алды» деп хабарлады Қытайдың People Daily агенттігі.

Юяо қаласынан келген 16 жастағы Чжоу Ци ұзақ уақыттық жаттығуы, асқан жылдамдығы мен шеберлігінің арқасында Гиннестің рекордтар кітабының сертификатын алды.

Қытайлық БАҚ-тың дерегінше, Чжоу Цидың жіптен секіруге жүйелі түрде жаттыққанына 7 жыл болған. Балабақшадағы кезінде ол әпекесінің жіптен секіруге жаттығып жатқанын көріп, бұл спорт түріне қызыға бастайды. Оқуға түскен соң, Чжоу Цида әпекесі сияқты мектептің жіптен секіру командасына қатыса бастаған екен.

Жаттығу уақыты ұзарған сайын Чжоу Цидың нәтижесі де жақсара бастаған. Ол үнемі мектептің атынан жарыстарға қатынасады. 2022 жылы Жыжияң өлкелік орта, бастауыш мектеп оқушыларының жіптен секіру жарысында жіптен тақ секіруді 30 секундта 210 рет орындап, 3 минутта жіптен тақ секіру санын мыңнан асырып, екі рет бас жүлдені жеңіп алған.


«Азия дауысына» шетелден қатысатын қандастарымыз белгілі болды – Kaznews


Аты аңызға айналған «Азия Дауысы» халықаралық фестивалі 18 жылдан кейін қайта оралмақ. Бұл туралы Отандастар қорының баспасөз қызметі хабарлады, деп жазды моңғолиялық Kaznews порталы.

Отандастар қорының қолдауымен бұл фестивальге шеттегі қандастарымыз да қатысады.

Айта кету керек, 28 сәуір – 28 мамыр аралығында өткізген іріктеу нәтижесінде Қытай, Украина, Өзбекстан, Ресей, Моңғолия мемлекеттерінен қатысқан таланттардың ішінен оза шапқан 3 өнерпаз «Азия Дауысы» фестиваліне қатысуға жолдаманы жеңіп алды. Атап айтар болсақ, Муса Молдабай – Өзбекстан, «Күлтегін» этно – фольклорлық ансамблі – Моңғолия,

Гаухартас Космоновқызы – Моңғолия.

Еске сала кетейік, фестиваль 28 шілде, Алматының биік таулы «Медеу» мұз айдынында сағат 18:00-де басталады.

Қазақстанға Қытайдан туристік маршруттар пайда бола бастады – Жэньминь жибао


Осы аптадағы маңызды жаңалықтардың бірі Жеменей-Майқапшағай кеден бекеттерінің араға ұзақ уақыт салып барып қайта ашылуы болды.

Нақтырақ айтар болсақ, 17 шілде күні Қытай мен Қазақстан арасындағы шекара Шыңжаңдағы Жеменей өткелі жолаушылардың кіріп-шығуы кедендік ресімдеуін ресми түрде қайта бастады. Сол күні 140-тан астам жолаушы шекара арқылы өткен.

Қытайлық басылымның дерегінше, 14 күндік визасыз режиіммен туристердің Қазақстанға барып саяхаттауына өте ыңғайлы болуда.

Атап айтар болсақ, 20 шілдеде «Жеменей» шекара бекетінен 41 қытайлық турист халықаралық маршруттық автобуспен шығып, Қазақстанның Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданына және басқа да жерлерді аралап, сауықтыру және демалу үшін аттанды. Туристер тобы Қазақстандағы Зайсан көлі, аңшылық алқаптар, Марқакөл көлі сияқты табиғи және мәдени ландшафттарды, сондай-ақ экзотикалық көріністерді тамашалау үшін Қазақстанның тарихи мұражайларын аралайды, деп хабарлайды Жэньминь жибао.

Сонымен қатар, Жеменей- Майқапшағай кеден бекетінен басталатын Алтай тауын айналатын Қытай - Қазақстан - Ресей - Моңғолия елдеріне 12 күндік туристік желісі, Шығыс Қазақстандағы экзотикалық әдет-ғұрыптарға арналған 5 күндік бутик-тур маршрутын және Зайсан ауданына дейінгі 3 күндік туристік маршрутын әзірленді.

«Қазіргі уақытта Қытай мен Қазақстандағы бес құрлық порты жолаушыларды тасымалдауды толығымен қалпына келтірді. Жақында бірнеше отандық туристік агенттіктердің басшылары да Қазақстанға барып, туристік маршруттарды зерттеп, тамақ, баспана, көлік, саяхат, сауда, ойын-сауық және басқа да аспектілерге назар аударып, келесі топтық шетел сапарларына дайындалады», деп жазады қытайлық басылым.

Қазақстанның ЕАЭО елдерімен саудасы 10,5 пайызға артты – TRT

Қазақстан Ресейге экспортын арттырды. Биылғы жылдың 5 айында Қазақстан Ресейге 4,04 миллиард долларлық экспорт жасады.

Бұл туралы осы аптада Түркия Радио Телевизия порталы Қазақстанның ұлттық статистика бюросына сілтеме жасап хабарлаған. Оның мәліметінше, 2022 жылдың қаңтар-мамыр айларында Қазақстанның Ресейге экспорты 2,79 миллиард долларды құраған, биылғы жылдың осы кезеңінде 45 пайызға артып, 4,04 миллиард долларды құрады.

Түркиялық басылымның келтірген дерегіне сүйенсек, осы кезеңде екі ел арасындағы тауар айналымы 10,5 миллиард долларға жеткен.

Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдермен саудасы ағымдағы жылдың алғашқы бес айында 10,5 пайызға артып, 11,43 миллиард долларға, Еуроодақ елдерімен бір жылда 17,15 миллиард доллардан 17,17 миллиард долларға дейін көтерілді.

«Ташкент – Астана» бағыты бойынша рейс кестесі өзгерді - ӨзА


2023 жыл 8 тамызға дейін «Ташкент – Астана – Ташкент» бағыты бойынша рейстер кестесі өзгереді. ӨР Ұлттық әуе компаниясының мәліметінше, Астанадағы халықаралық әуежайдың ұшу-қону жолағындағы жөндеу жұмыстарына байланысты Ташкент-Астана және Астана-Ташкент бағыттары бойынша «Uzbekistan Airways» әуе компаниясының ұшу кестесіне міндетті өзгеріс енгізіледі, деп хабарлайды ӨзА ақпарат агенттігі.

Осыған орай 2023 жылдың 8 тамызына дейін «Ташкент – Астана – Ташкент» бағыттары төмендегі кесте бойынша жүзеге асырылады делінген.

Аталған кесте өзбекстандық БАҚ-та жарияланған.


Соңғы жаңалықтар
telegram