Тұшпара жасайтын цех ашқан әйел: Ауылда да жеке кәсібіңді дөңгелетуге болады

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — ШҚО Күршім ауданының тұрғыны Райхан Нұрғазинова тұшпара мен мантыны жасауды кәсіпке айналдырып, ауылда шағын цех ашқан. Бүгінде оның түрлі тамақ өнімдеріне аудан бойынша сұраныс жоғары. Kazinform тілшісі оны әңгімеге тартып, ауылда жеке кәсіпті қалай дөңгелетуге болатынын сұрап көрді.

кәсіпкер
Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

— Тұшпара жасайтын цех ашу идеясы қалай келді?

— Бала күтіміне байланысты үйде отырған кезімде жолдасым жалғыз өзі жұмыс істеп жүрді. Күйеуімнің бір жағына шығысып, көмектесейін деген ниетпен үйде отырып тұшпара түйіп, ауылдағы дүкендерге өткізе бастадым. Ол кезде тұңғышымыз 1-ге енді толған. Сауда жақсы жүрді. Қамырын жұқа етіп, етін молынан салғандықтан тұрақты түрде тапсырыс беретіндер пайда болды. Халықтың оң бағасын алған сайын құлшынысым да арта берді.

Бір күні таныстарымнан «Ауыл аманаты» бағдарламасы туралы естіп қалдым. Байқап көрейін деп керек құжаттарды жинап, бағдарламаға қатысу үшін өткіздім. Жолым болып, үйімізді кепілге қойып, 2,5 пайызбен 5 млн теңге несие алдым. Сөйтіп, «АРЕМА» атты жартылай фабрикаттар цехын аштық.

отбасы
Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

— Атауын не себепті солай қойдыңыздар?

— Біз жұбайым екеуіміз 3 бала тәрбиелеп отырмыз. Отбасымыздағы әр адам атының бірінші әрпін алғанда АРЕМА деген сөз шықты: Ади, Райхан, Ермахан, Мират, Айару. Сол үшін цех атауын үнемі тек бас әріптермен жазамыз. Үлкен ұлымыз Ади 15-те, қызымыз Айару 10-да, кенжеміз Ермахан 6 жаста.

— Ассортиментте тұшпарадан басқа тағы қандай өнімдер бар?

— Түшпара, манты, котлет, тефтели, вареники жасаймыз. Алдағы уақытта «бөрек» дейтін тағам түрін қосқымыз келеді. Жұқа қамырға орап пісірілетін бұл қытырлақ тағамды да сатып алушылар көп болады деген сенімдемін.

— Өнімдеріңіз қай ауылдарда сатылады?

— Күршім ауданының орталығындағы 12 дүкенде және 2 ауылдағы сауда орындарында өнімдеріміз сатылады.

— Цехта қазір қанша адам жұмыс істейді? Жұмысшыларды қандай критерий бойынша қабылдайсыз?

— Әзірге 3 адамды жұмыспен қамтып отырмын. Жұмысқа адам алған кезде қояр басты талабым — тазалық пен адалдық. Алдағы уақытта тағы бір-екі жұмыс орнын ашсам деген ойым бар.

— Жолдасыңыз кәсібіңізге қаншалықты көмектеседі?

— Күйеуім Мират әскери салада қызмет етеді. Жұмысы қауырт. Бірақ қолы қалт ете қалғанда үнемі қасымда. Әркез көмектесіп, қолдап жүреді.

отбасы
Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

— Етті қайдан аласыздар?

— Жартылай фабрикаттарды дайындауға қажетті шикізатты көбіне өз ауылымыздағы кәсіпкерлерден аламын. Ауылда мал ұстайтын, ет өнімдерімен айналысатын азаматтар аз емес. Соның арасынан өзім бір шаруа қожалық иесінен тұрақты түрде мал алып тұрамын. Оны сойып, дайындап бізге әкеліп береді. Тағамның дәмді болуы етіне байланысты ғой. Сондықтан дұрыс ет таңдау — өте маңызды.

пельмен, полуфабрикат
Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

— Әсіресе қай мезгілде көбірек сұраныс болады?

— Біздің өнімдерге сұраныс жыл бойы бола береді. Бірақ әсіресе елде соғым еті азайған кезде, жаз айларында сұраныс көбейе түседі.

— Кәсібіңізді дамыта түсуге қатысты алдағы жылдарға қандай жоспарыңыз бар?

— Алдағы уақытта жартылай фабрикаттар цехын үлкейте түскім келеді. Өнімдеріміздің ассортиментін көбейтіп, сапасын әлде де жақсарту сияқты жоспарларым бар.

— Жеке кәсіппен айналысқысы келіп жүрген нәзік жандыларға қандай ақыл-кеңес айтасыз?

— Жеке ісін бастағысы келген әйелдерге айтарым: бір істі қолға аларда жоспар құрып алыңыздар. Содан соң ол жоспарды іске асыру үшін жасқанбай тәуекел ете біліңіздер. Қандай жағдай болмасын бастаған шаруаны жол ортада тастап кетпей, төзімділік таныту қажет. Қала болсын, ауыл болсын өз кәсібіңізді дөңгелетуге болады. Бәрі өзіңізге байланысты.

— Әңгімеңізге көп рахмет!

Еске салсақ, бұған дейін Өскеменде автобус рөліне отырып, жолаушыларды діттеген жерлеріне жарты жылдан аса уақыт жеткізіп жүргеніне Әлия Ахмолдина жайлы жазғанбыз. 

Соңғы жаңалықтар