Түсік және уақытынан бұрын босанудың себебі неде

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Өздігінен түсік тастау — табиғи құбылыс, медициналық немесе хирургиялық түсікке жатпайды. Бұл туралы Kazinform агенттігінің тілшісіне акушер-гинеколог Гүлжахан Жұмадуллаева айтты.

Түсік және уақытынан бұрын босанудың себебі неде
Фото: Pixabay.com

Алматы облыстық акушерлік гинекология және перинатология орталығының директоры Гүлжахан Жұмадуллаеваның айтуынша, өздігінен түсік тастау — жүктіліктің 20-шы аптасына дейін ұрықты өздігінен жоғалту.

Ал, жүктіліктің 20-шы аптасынан кейін бұл мезгілінен бұрын босануға жатады.

— Бірінші триместрде болатын барлық түсіктің жартысына жуығы ата-ананың ұрығында немесе жұмыртқасында тұқым қуалайтын немесе өздігінен болуы мүмкін хромосомалық ауытқулардан туындайды. Хромосомалар — тұқым қуалаушылықтың негізгі бірліктері. Ол гендерді алып жүретін дене жасушаларының ішіндегі кішкентай құрылымдар. Гендер адамның барлық физикалық қасиетін анықтайды, мысалы, жыныс, шаш және көздің түсі және қан тобы. Хромосомалық мәселелердің кездейсоқ пайда болады және ата-ананың денсаулығына байланысты емес. Сондай-ақ әйелдің өзіне байланысты, егер аяғы ауыр келіншек денсаулығына немқұрайлы қарайтын болса, дұрыс тамақтанбаса жүктіліктің алғашқы апталарында түсік тастауы мүмкін, — деп түсіндірді дәрігер.

Жатыр мойнының жеткіліксіздігі — жүктіліктің мерзімінен бұрын аяқталуына әкеледі.

— Мерзімінен бұрын босанудың 60-70 пайызы жатыр мойнының жеткіліксіздігінен болады. Бұл ең алдымен қыз баланың өсіп жетілуіне байланысты. Егер жасөсіпірім кезінде бактериялық немесе вирустық аурулармен ауырса, ол әйелдің гормоналдық жүйесі дұрыс жетілмейді. Мұндай кезде жатыр мойны ашылып кетіп, уақытынан бұрын суы кетеді, толғақ басталады да бала мерзімінен бұрын туады, — дейді Гүлжахан Жұмадуллаева.

Маман жүктілікті жоспарлау керектігін тілге тиек етті.

Еске салайық, бұған дейін Алматы дәрігерлері бауыры зақымданған жүкті әйелді аман алып қалған болатын

Соңғы жаңалықтар