Тұтынушы дүкендегі тауарды абайсызда бүлдіріп алса, ақы төлеуі керек пе – заңгер жауабы

Тұтынушы дүкендегі тауарды абайсызда бүлдіріп алса, ақы төлеуі керек пе – заңгер жауабы
Фото: Алина Төлеубаева / Kazinform

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Дүкенге, супермаркетке келген адам сөредегі тауарды абайсызда құлатып немесе бүлдіріп алатын жағдайлар болады. Сол кезде дүкен иесі одан тауар құнын талап ете ала ма деген сауал туындайды. Бұл сұраққа заңгер Алексей Бажков жауап берді. 

«Егер осындай жағдай болса дүкен иесі ол адамнан келтірілген материалдық зиянның орнын толтыруды талап етуге құқылы. Тұтынушы шығынды өтеуден бас тартса, сотқа талап арыз беру керек», - дейді өскемендік заңгер Алексей Бажков. 

Оның айтуынша, сотта екі тарап өз сөзін дәлелдейтін болады. Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 917-бабына сәйкес мүліктік залал келтірген адам шығынды толық көлемде өтеуі тиіс. 

«Десе де дүкен иесінің де жауапкершілігі барын ұмытпау қажет. Бәлкім ол дүкендегі келушілер жүретін жерді тым тар қылып қойып, соның салдарынан келеңсіз жағдай болуы мүмкін. Егер солай болса, тауарды абайсызда құлатып алған адамнан материалдық зиянды өндіре алмауы ықтимал», - деп түсіндірді заңгер.

Еске салсақ, бұған дейін заңгер адамды көшеде тоқтатып, әскерге алып кету қаншалықты заңды екенін айтқан болатын. 

Соңғы жаңалықтар