Тұтынушы құқығын қорғайтын омбудсмен институты енгізіледі

Тұтынушылардың құқығын қорғау мәселелері жөніндегі омбудсмен институты енгізіледі. Бұл туралы Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің отырысында Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Балықбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Тұтынушы құқығын қорғайтын омбудсмен институты енгізіледі
Фото: ҚазАқпарат ХАА

«Тұтынушылардың құқығын қорғау мәселелері жөніндегі омбудсмен институты тағайындалған адамға ерекше жария мәртебесін береді. Ол мемлекеттік биліктің жоғарғы эшелондарында тұтынушылар қауымдастығының көзі және дауысы ретінде қызмет ете алады. Қоғамның үйлестірушісі қызметін атқарады, жауапкершілігі артады. Мәселен, біз бұл заңды дайындаған кезде шетелдік тәжірибені қарадық. Мысалы, Польша мен Германия мемлекеттерінде осындай омбудсмен институты бар», - деді ол «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заң жобасының және оған ілеспе заң жобасының таныстырылымы барысында.

Оның атап өтуінше, 2022 жылы жүргізілген әлеуметтік сауалнама нәтижесінде 10 мың респонденттің 56 пайызы Тұтынушылардың құқығын қорғау мәселелері жөніндегі омбудсмен институтын енгізу қажеттігін атап өткен.

«Оның негізгі функциялары тұтынушылардың шағымдарын қарау, кеңес беру, тұтынушылардың құқығын қорғаудың қоғамдық институттарын үйлестіру, нормативтік-құқықтық актілердің жобаларын әзірлеуге қатысу, тұтынушылардың құқығы қорғау саласындағы істердің жай-күйі туралы жыл сайын баяндама қалыптастыру, сотта тұтынушылардың белгісіз тобының құқығын қорғау болады», - деді Қайрат Балықбаев.

Соңғы жаңалықтар