Тұтынушылардың қандай құқығы жиі бұзылады
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Тауар сатып алу, қандай да бір қызмет түрін алу немесе келісімшарттарға қол қою кезінде тұтынушылардың құқығы бұзылып жатады. Көп жағдайда адамдар мұны мүлде аңғармай, оны қалыпты құбылыс ретінде қабылдайды. Тұтынушылар жиі ұшырасатын құқық бұзушылықтарды Kazinform тілшісі саралап көрді.
Ақпарат бар, бірақ оны түсіну мүмкін емес
«Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңға сәйкес сатушы немесе қызмет көрсетуші барлық шартты - бағаны, қосымша төлемдерді, шектеулер мен ықтимал салдарларды алдын ала әрі түсінікті түрде хабарлауға міндетті. Бұл ақпарат көп жағдайда формалды түрде көрсетіледі.
Маңызды шарттар қосымшаларда, ұсақ қаріппен жасырылып жазылады немесе келісімшартқа қол қойылғаннан кейін ғана айтылып жатады. Комиссиялар, ақылы қосымша қызметтер мен айыппұлдар қызметтен бас тарту қиынға соққан сәтте ғана белгілі болады. Мұндай жағдайда құқық бұзушылық ақпараттың мүлде болмауынан емес, оның іс жүзінде түсініксіз әрі қолжетімсіз болуынан туындайды.
Егер шарттар құжаттарға қол қойылғаннан кейін ғана белгілі болса, азамат түсініктеме талап етуге, күштеп таңылған қызметтен бас тартуға немесе келісімшарт шарттарын өзгертуге талап қоюға құқылы. Тіпті құжатқа қол қойып қойсаңыз да толық әрі анық ақпарат берілмесе өз құқығыңызды қорғай аласыз.
Міндеттеп таңылатын қызметтер
Кең таралған құқық бұзушылықтардың тағы бірі - қосымша қызметтерді мәжбүрлеп таңу. Заң бойынша бір тауарды немесе қызметті сатып алуды басқа тауарлар мен қызметтерді міндетті түрде қоса алумен байланыстыруға тікелей тыйым салынған. Алайда іс жүзінде сақтандыру, сервистік қызметтер мен ақылы қосымша опциялар көбіне баламасыз шешім ретінде ұсынылады.
«Бұл біздің талап», «басқаша келмейді» деген сөздер, әсіресе шешімді жедел қабылдау қажет болған жағдайда нанымды естіледі. Соның салдарынан адам заңды талап болғандықтан емес, қарсы тұра алмағандықтан лажсыз келісім береді.
Міндетті қосымша қызметтердің бар екенін де түсіну маңызды, бірақ олардың саны шектеулі. Мәселен, автокөлік иелері үшін міндетті сақтандыру заңнамада көзделген. Ал өзге жағдайларда сақтандыру әдетте ерікті болуы тиіс. Бұл басқа да ақылы қызметтерге қатысты: егер олар қауіпсіздік немесе техникалық талаптарға сәйкес қажет болса, бұл шарттар нақты түсіндіріліп, келісімшартта айқын көрсетілуі тиіс. Компанияның ішкі ережелері мұндай негіз бола алмайды.
Дербес деректер
Дербес деректерді жинау және өңдеу тек адамның келісімімен әрі нақты мақсатты түрде ғана жүзеге асырылуы тиіс. Соған қарамастан, тәжірибеде азаматтардан құжаттардың көшірмелері, ЖСН, мекенжайы мен телефон нөмірлері онсыз да қызмет көрсетуге болатын жағдайларда да сұралып жатады.
Тағы бір мәселе - фотосуреттерді, қандай да бір тізімдерді немесе желідегі хат алмасуларды келісімсіз жариялау, әсіресе жұмыс немесе ата-аналар чаттарында жиі кездеседі. Мұндай әрекеттер заңға қайшы екенін көбі білмейді де.
Дербес деректерді заңсыз жинау немесе тарату үшін жауапкершілік қарастырылған: айыппұл салудан бастап, ақпаратты өшіру және келтірілген зиянды өтеуге міндеттеуге дейін. Егер деректер келісімсіз пайдаланылған болса, адам олардың таралуын тоқтатуға және жойылуын талап етуге, ал жауап болмаған жағдайда құзырлы органдарға немесе сотқа жүгінуге құқылы.
Сапасыз көрсетілген қызмет
Заңға сәйкес орындаушы қызметтерді тиісті сапада және белгіленген мерзімде көрсетуге міндетті. Алайда іс жүзінде сапаның төмендеуін техникалық себептермен түсіндіріп, аздап күте тұруды ұсыну жиі кездеседі. Ал қайта есептеу мен өтемақы міндетті талап емес, «ізгі ниет белгісі» ретінде ұсынылады.
Көп адам нәтиже болмайды деп ойлап, талап қоюдан бас тартады. Алайда тұтынушы кемшіліктерді жоюды, бағаны төмендетуді, қайта есептеуді немесе келісімшартты бұзуды талап етуге хақылы. Егер қызмет сапасыз көрсетіліп, өз мақсатына сай пайдалануға жарамсыз болса, заң төленген қаражатты толық немесе тиісті бөлігінде қайтаруға мүмкіндік береді.
Тауарды қайтару
Тауарды қайтару немесе қызметтен бас тарту құқығы да заңмен бекітілген, ал дүкендердің ішкі ережелері бұл құқықты шектей алмайды. Тауарды қайтарудың екі негізгі жағдайы бар.
Біріншісі - тауар сапалы болғанымен, өлшемі, түсі немесе үлгісі сәйкес келмеген жағдайда. Мұндай тауарды пайдаланылмаған және тауарлық түрі сақталған болса, 14 күн ішінде қайтаруға болады.
Екіншісі - тауарда ақау анықталған кезде. Осындай жағдайда сатып алушы өзіне ыңғайлы нұсқаны өзі таңдайды: ақшасын қайтару, тауарды ауыстыру немесе жөндету. Сатушының қандай да бір шешімді күштеп таңуға құқығы жоқ.
Бағасы төмендетілген тауарлар тек сатып алушыға алдын ала ескертілген ақаулары бойынша ғана қайтарылмайды. Ал қарапайым жеңілдіктер мен акциялар тұтынушының құқықтарын шектемейді. Тіпті «қайтарылмайтын тауарлар» тізіміне енгізілген өнімдер де, егер оларда ақау анықталса, қайтарылуға жатады.
Егер азаматтың құқығы бұзылған жағдайда, ол тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі жергілікті департаментке жүгіне алады. Мамандар тегін кеңес беріп, ары қарай қалай әрекет ету керектігін түсіндіреді, ал қажет болған жағдайда сатушы мәселені бейбіт жолмен шешпесе, сотта тұтынушының мүддесін қорғап шыға алады.
Психологиялық қысым
Қандай да бір даулы жағдай немесе өтелмеген берешек болған күннің өзінде азаматтың өзімен сыпайы әрі құрметпен сөйлесуді талап етуге құқығы бар. Дөрекілік, психологиялық қысым мен қорқыту әрекеттері көбіне жұмыс барысымен немесе нәтижеге жету қажеттілігімен ақталуға тырысады. Алайда мұндай жұмыс стиліне үйреніп кету оны заңды етпейді.
Іс жүзінде бұл қатқыл дауыспен сөйлесу, негізсіз талап қою, қайта-қайта қоңырау шалып мазалау, түрлі салдармен қорқыту немесе адамды ұялту сынды әрекеттер арқылы көрініс табады. Мұндай жағдайларға көбіне борышкерлер, сервистік компаниялардың клиенттері және өз құқықтарын қорғап жүрген тұтынушылар тап болады.
Берешектің болуы немесе жанжалдың шығуы адамның қадір-қасиетін мен заңды құқығын айырмайды. Әңгіме заң аясында, қысымсыз, қорлау мен қорқытусыз жүргізілуі тиіс. Егер олай болмаса жауапкершілік дәл осындай әдістерге жол берген тарапқа жүктелуі мүмкін.
Мұндай жағдайларда әңгіме барысын тіркеп отырған жөн: хабарламаларды сақтау, сөздерді диктафонға жазып алу, ресми арналар арқылы хат алмасу. Бұл қысымды тоқтатуға көмектесіп қана қоймай, шағым сотқа дейін жеткен жағдайда дәлел бола алады.
Егер әңгіме сыпайылық шеңберінен шығып кетсе, азамат бейресми сөйлесуден бас тартып, ресми жазбаша форматта байланысуды талап етуге құқылы. Мұндай қадам көбіне қысымның деңгейін төмендетіп, дауды құқықтық арнаға түсіреді.
Неліктен құқық бұзушылықтар назардан тыс қалады
Заңгерлердің айтуынша, негізгі себеп - құқықтық сауатсыздық пен жанжалдан шаршау. Көп адам өтініш жазып уақыт жоғалтуға және заң нормаларын оқып түсінуге дайын емес, әсіресе сөз шағын сома немесе тұрмыстық мәселе туралы болғанда. «Бәрінде солай емес пе» немесе «ештеңе дәлелдей алмайсың» деген сөздер іс жүзінде өз құқығын қорғаудан ерікті түрде бас тартуға әкеліп соғады.
Еске салсақ, бұған дейін Атырауда құқығы бұзылған тұтынушылар 38,9 млн теңгесін қайтарып алғаны хабарланған.