Түймебаев Ш.Қалдаяқов атындағы Халықаралық ән байқауының жеңімпаздарын марапаттады

Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев жеңімпаздарды марапаттап, сый-сияпаттар табыстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат аймақ басшысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Дәстүрге айналған Ш.Қалдаяқов атындағы «Менің Қазақстаным» атты Халықаралық ән байқауы биыл да жалғасын тапты. Бұл жолғы додағы Қазақстаннан бөлек Қырғызстан, Әзербайжан, Ресей, Қытай және басқа да елдерден 60-қа жуық үміткер қатысты.
Бірнеше күнге созылған байқаудың бас жүлдесін қызылордалық Назым Сағынтай жеңіп алды.
І орынға Оңтүстік Қазақстан облысының намысын қорғаған Диана Хашимжанова ие болса, ІІ орын алматылық Тілекбай Нағымбаев пен астаналық Еркебұлан Тұрмағамбетовке бұйырды. Ал жүлделі ІІІ орынға астаналық Жалғас Сұлтанов пен Марат Айтымбай және Лаура Айтбаевалар (Қарағанды) лайықты деп танылды.
Сондай-ақ, салтанатты шарада облыс әкімінің арнайы жүлдесімен Қытай Халық Республикасынан келген Асылхан Дәстүр марапатталса, арнайы диплом қырғызстандық Биназира Аблаеваға табысталды.
Халықаралық байқау ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен өтті.