Тұзкөл кен орнында газ жобасы іске қосылды

АСТАНА. KAZINFORM — Энергетика министрлігі Қызылорда облысындағы Тұзкөл кен орнында шикі газды өндіру және жеткізу бойынша әлеуметтік маңызы бар жобаны іске асыруды бастайтынын хабарлайды.

Тұзкөл кен орнында газ жобасы іске қосылды
Фото: ҚР Энергетика министрлігі

Жоба энергетикалық тұрақтылықты нығайтуға және өңірлік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған.

Жобаның операторы ретінде «ТұзкөлМұнайГаз Оперейтинг» ЖШС әрекет етеді. Бастама ҚР Энергетика министрлігімен тығыз үйлестікте және ұлттық салалық компаниялардың қатысуымен жүзеге асырылады.

Бастапқы кезеңде жылына шамамен 30 миллион текше метр шикі газ жеткізу жоспарлануда және де 2026 жылы Тұзкөл және 2028 жылы Кетеказған Батыс кен орындарының газ қорларын өнеркәсіптік игеруге көшу арқылы жеткізу көлемін жылына 200 миллион текше метрге дейін кезең-кезеңімен арттыру көзделуде.

Бұл өңірдің газбен қамтылу аясын кеңейтуге және энергетикалық инфрақұрылымды нығайтуға мүмкіндік береді.

Жобада әлеуметтік құрамдас бөлікке ерекше назар аударылады, атап айтқанда: жаңа жұмыс орындарын құру, жергілікті мамандарды тарту және ілеспе инфрақұрылымды дамыту.

Өндірілген газ серіктес кәсіпорындардың қуаттарында өңделіп, ұлттық газ тасымалдау жүйесіне жеткізіледі. Энергетика министрлігі жобаны іске асырудың барлық кезеңдерінде жан-жақты қолдау көрсетіп, технологиялық сенімділік пен мемлекеттік стандарттарға сәйкестікті қамтамасыз етеді.

Тұзкөл кен орнындағы газ жобасы — мемлекеттің және кәсіпкерліктің тиімді ынтымақтастығының жарқын үлгісі. Ол тұрақты дамуға, энергетикалық қауіпсіздікке және халықтың өмір сүру жағдайларын жақсартуға бағытталған. Энергетика министрлігі ресурстық базаны кеңейту және заманауи технологияларды енгізу бойынша жұмысты жалғастырады.

Соңғы жаңалықтар