TWESCO 100 түркі тұлғасының тізімін жасамақ

Жиында TWESCO басшысы Дархан Қыдырәлі мен Түркі кеңесі Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Әділ Ахметов ұйымның жобалары мен халықаралық байланыстары жөнінде кеңейтілген мәлімет беріп, журналистер сауалдарына жауап берді.
Белгілі болғандай, Түркі академиясы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 30-сәуір күні ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде «Рухани жаңғыру және мұраны насихаттау: жойылу қаупіндегі түркі тілдері» атты халықаралық форум-фестиваль өткізуді жоспарлап отыр. Парижде өтетін алқалы шараға Моңғолиядан Мажарстанға дейінгі кеңістікте өмір сүретін түркітілдес халықтар мен тілдері жойылу қаупінде тұрған ұлыстардың өкілдері қатысады деп күтілуде. Олар өз тілдерінде ЮНЕСКО мінберінде баяндама жасап, сөз сөйлейтін болады, дейді ұйымдастырушылар. Бұдан бөлек, жиында Академияның ЮНЕСКО-мен байланысты бірқатар өзге жоспарлары жөнінде де айтылды.
Сонымен қатар, TWESCO Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында әлемдік өркениетке үлес қосқан 100 түркі тұлғасының тізімін жасамақ.
Академия басшысы Д. Қыдырәлінің айтуынша, «Түркі әлемінің 100 тұғырлы тұлғасы» деп аталатын ауқымды жоба адамзат тарихында із қалдырған есімдерді анықтауды көздейді. Ол үшін Академия арнайы сайт жасап, халықаралық сауалнама жүргізуді жоспарлап отыр.
Сондай-ақ, Академия Түркі әлемінің көрнекті ақыны Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдығына орай 2018 жылды «Мағжан жылы» деп жариялайтыны мәлім болды. «Мағжан жылы» аясында ақынның таңдаулы шығармалары бірнеше шет тілдерге аударылып, жарияланатын болады.
Халықаралық Түркі академиясы 2018 жылды құрылғанына биыл 100 жыл толатын «Әзербайжан Демократиялық Республикасы жылы» деп жариялады. Бұл датаға орай Баку мен Астанада арнайы жиындар өтіп, кітап жарияланады.
Бұдан бөлек, Абайдың, Алаш қайраткерлерінің рухани ұстазы болған ғұлама Шиһабутдин Маржанидің 200 жылдығына орай Академия биылғы жылды «Маржани жылы» деп жариялады. Сондай-ақ, Академия ерекше атап өтетін даталар арасында Ресей түркітану мектебінің негізін қалаған көрнекті ғалым Василий Васильевич Радловтың дүниеден өткеніне 100 жылдығын атап өтуге болады. Осыған байланысты Түркі академиясы 2018 жылды «Радлов жылы» деп жариялады.
Айта кетерлігі, 2018 жылы TWESCO негізгі бағыты ретінде Орталық Азия аймағына баса назар аударып отыр.
Бүгінде Академия Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстанның ғалымдарымен ынтымақтастықты нығайтып, бірлескен ғылыми жобалар атқарып келеді. Өзбекстан Ғылым академиясымен ынтымақтастық меморандумын бекітуге дайындық жұмыстары жүргізілуде. Биылғы жазда TWESCO Өзбекстанға археологиялық экспедиция ұйымдастыруды жоспарлап отыр.
Биыл сондай-ақ, көрші қырғызстандық ғалымдармен көптеген ортақ жобалар келісілген. 2018 жылғы негізгі жоспарлар қатарында әйгілі жазушы Шыңғыс Айтматовтың 90 жылдығы мен атақты манасшы Сағымбай Оразбақовтың 150 жылдығына орай бірқатар халықаралық іс-шаралар өткізу жоспарланған.
Мұның сыртында, жыл сайынғы дәстүр бойынша халықаралық «Ұлы дала» гуманитарлық ғылымдар форумы өткізіледі. Биылғы форум маусым айына жоспарланып отыр. Айта кету керек, әлемнің 20-дан астам мемлекетінен 200-ге жуық ғалым-зерттеушілер мен сарапшылар қатысатын форум ғылыми ортада үлкен резонанс тудырып, беделді ғылыми пікір алмасу алаңына айналды.
Ұйым басшысы Дархан Қыдырәлі баспасөз конференциясында жоспардағы жобалардан бөлек, Академияның халықаралық байланыстары, археологиялық экспедициялары мен алдыңғы жылдары атқарылған жұмыс нәтижелері туралы да жан-жақты мағлұмат берді.