Twitter Meta-ны жаңа Threads әлеуметтік желісі үшін сотқа бермек

АСТАНА.ҚазАқпарат - Twitter компаниясы Facebook пен Instagram-ға иелік ететін Meta компаниясын сотпен қорқытты. Өйткені жаңа Threads әлеуметтік желісі Twitter-ге өте ұқсайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ВВС-ге сілтеме жасап.

Twitter Meta-ны жаңа Threads әлеуметтік желісі үшін сотқа бермек
Фото: EPA

Semafor басылымының хабарлауынша, Twitter заңгері Алекс Спиро сәрсенбіде Meta басшысы Марк Цукербергке ресми хат жіберіп, Meta-ны Threads желісін құру кезінде «коммерциялық құпияларды және басқа да зияткерлік меншікті жүйелі, зиянды және заңсыз иемденді» деп айыптаған.

«Бәсекелестік - жақсы, бірақ алдау дұрыс емес», - деп жазды Twitter иесі Илон Маск өзінің жеке парақшасында.

Threads желілік қолданбасы осы аптаның ортасында іске қосылды және оған 30 миллионға жуық адам жазылып үлгерді. Meta басшылығы әу баста-ақ бұл желі Twitter-дің баламасы болатынын мәлімдеген.

Алекс Спиро өз хатында, Meta-ны компания құпияларына әлі де қол жеткізе алатын және осы әлеуметтік желіні көшіруге көмектескен ондаған бұрынғы Twitter қызметкерлерін жұмысқа алды деп айыптайды.

Twitter заңгері Meta -дан бұл құпияларды қолдануды дереу тоқтатуды талап етіп, сотқа беремін деп қорқытты.

Осыған дейін Twitter-ге бәсекелес болатын жаңа әлеуметтік желіге 30 млн адам тіркеліп үлгергенін жазған едік.