Тяньцзинь ШЫҰ саммитіне дайындықты аяқтады

АСТАНА. KAZINFORM —  Қытайдың солтүстігіндегі ірі портты мегаполис – Тяньцзинь қаласында 31 тамыз бен 1 қыркүйек аралығында өтетін Шанхай ынтымақтастық ұйымының тарихтағы ең ауқымды саммитіне дайындық жұмыстары аяқталуға жақын, деп хабарлайды Синьхуа

Тяньцзинь
Фото: Синьхуа

Іс-шараға 20-дан астам елдің басшылары мен 10 халықаралық ұйымның жетекшілері қатысады.

— Тяньцзинь – өзіңді қалаулы қонақтай сезінетін әрі шабыт алатын қала. Маған ең үлкен әсер қалдырғаны – жергілікті халықтың жылылығы, — деді Пәкістаннан келген Тяньцзинь университетінің докторанты Мұхаммед Сарфраз.

Саммитке дайындық аясында қалада ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Қала ортасынан өтетін Хайхэ өзені түнде жарқырай түсетін болды. Жарықтандыру жобасы аясында 217 ғимарат, 14 көпір және ұзындығы 8,2 км жағалау жарықпен көмкерілді.

— Өзеннің осы әсем түнгі көріністері бұрынғыдан да көп турист тартып отыр. Қазір күн сайын 70-тен астам түнгі круиз жасалады, олар түн ортасына дейін жалғасады. Билеттерге сұраныс жоғары, — деді Tianjin Jinlv Haihe Cruises Co., Ltd компаниясының менеджері Фань Фукунь.

Ираннан келген Назанин Дехганбордбар қаланың дәстүр мен заманауилықты үйлестіргенін ерекше бағалады.

— Тяньцзинь – ежелгі мен жаңа дәуірді байланыстыратын мінсіз көпір. Бұл қалада даму қарқынын сеземін әрі ұлы адамдармен рухани байланыс орнағандай күй кешемін, — деді ол.

Қалалық әкімдік те инфрақұрылымды жетілдіруге ерекше көңіл бөлді: жолдар жөнделіп, көпірлер күтімге алынды, жасыл аймақтар кеңейтіліп, қоғамдық қызмет көрсету саласы нығайтылды.

Тяньцзинь қаласының қала басқару комитетінің басшысы Ху Сюэчуньнің айтуынша, бұл шаралар қалаға «жергілікті өмірдің қарқынды серпінін, мәдени тереңдігін және халықаралық тартымдылығын» арттырды.

Жергілікті жоғары оқу орындарының шамамен 1000-ға жуық жас волонтері дипломатиялық этикет, төтенше жағдайға ден қою және тілдік қызмет бойынша дайындықтан өтті. Олар ШЫҰ саммитін өткізуге қолдау көрсетпек.

— Әлем біздің тек заманауи қалалық көрінісіміз бен экономикалық дамуымызды ғана емес, сонымен бірге тарихымыздың байлығын және қонақжайлылығымызды да көреді, — деді Тяньцзинь шет тілдер университетінің ерікті-аудармашысы Ван Юйтун.

Сондай-ақ аудандардағы еріктілер қатарында зейнеткерлер, студенттер мен партия мүшелері «ШЫҰ қызмет көрсету топтарына» қосылып, достық атмосферасын қалыптастыруға үлес қосуда.

— Біз Тяньцзинде ШЫҰ саммитін өткізу мүмкіндігін барынша пайдаланып, дайындық пен қызметтік қолдауды тұрақты түрде ілгерілетіп, бұл ауқымды халықаралық шара үшін қажеттінің бәрін қамтамасыз етудеміз, — деді ұйымдастыру жұмыстарына қатысып жатқан тяньцзиньдік шенеунік Юй Пэнчжоу.

Қырғызстандағы Дүниежүзілік саясат институтының директоры Шерадил Бактыгулов та саммитті асыға күтуде.

— Тяньцзиньдегі ШЫҰ саммиті жаһандық тұрақсыздық кезеңінде өтеді, бірақ ол қауіпсіз әрі тұрақты даму жолын нұсқайтын шамшыраққа айналады, — деп сенім білдірді ол. 

Айта кетелік Тяньцзиньде өтетін ШЫҰ самитінен не күтуге болатыны туралы жазған едік

Соңғы жаңалықтар