Тяньцзиньде Қазақстан бизнесінің жаңа өкілдігі ашылды
АСТАНА. KAZINFORM – Тяньцзиньдегі Халықаралық сауда және кеме қатынасы сервис орталығында 100 шаршы метрлік Kazakhstan Hall кеңсесі ашылды. Мұнда азық-түлік өнімдері басты орынға шығарылып, кеңсе Қазақстан бизнесінің Қытайдағы ресми өкілдігіне айналмақ.
 
                                              Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, кеңсе 2025 жылғы маусымда Астанада QazExportPromotion қоры мен Қытайдың Silvery Dragon Group Technology and TradeCo., Ltd. компаниясы арасында қол қойылған меморандум нәтижесінде ашылған.
– Бүгінде Kazakhstan Hall әзірге пилоттық форматта жұмыс істеп тұр. Қазіргі уақытта көрме залы жаңа тауарлармен толықтырылып, QazTrade өкілдігі мәртебесін алу үшін құжаттар рәсімделіп жатыр. Ресми ашылу салтанаты осы жылдың күзіне жоспарланған, - делінген министрлік хабарламасында.
QazTrade, сауда саясатын дамыту орталығының мәліметінше, Қазақстан мен Тяньцзинь арасындағы тауар айналымы тұрақты өсім көрсетіп келеді. 2023 жылы ол $347,9 млн құраса, 2024 жылы $474 млн-ға дейін ұлғайды.
Тяньцзинь – Шанхай ынтымақтастық ұйымының басты сауда хабы. Қала порт арқылы жүк тасымалдау мен логистикалық қызмет ұсынады. Қазақстан бұл жобаға қосылу арқылы ШЫҰ елдері үшін арнайы «жасыл дәлізді» пайдалану, Азия мен Еуропаны байланыстыратын мультимодальды бағыттарға шығу мүмкіндігіне ие болды. 
– Тяньцзиньдегі QazTrade кеңсесінің ашылуы – біз үшін үлкен жаңалық. Тяньцзинь порты арқылы әлемнің кез келген еліне тауар жеткізу оңай, әрі жылдам болмақ. Сонымен қатар өкілдігіміз арқылы Қытай нарығында цифрлық сауданы дамытуға және инвестиция тартуды жоспарлап отырмыз, - деді QazTrade сауда саясатын дамыту орталығының бас директоры Айтмұхаммед Алдажаров.
Бұған дейін Димаш Құдайберген Қытай телеарнасымен бірлескен музыкалық жобасын Қазақстанда түсіретінін жазған едік.