Тяньцзиньдегі ШЫҰ саммитіне әлем көшбасшыларынан кімдер келеді
АСТАНА. KAZINFORM – 2025 жылғы 31 тамыз – 1 қыркүйек аралығында Қытай Халық Республикасының Тяньцзинь қаласында Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) 25 жылдық мерейтойлық саммиті өтеді. Іс-шараға 20-дан астам мемлекеттің басшысы, сондай-ақ 10 халықаралық ұйымның жетекшілері қатысады деп жоспарланып отыр.

ШЫҰ-ның жоғарғы органы – Мемлекет басшылары кеңесінің отырысы
Тяньцзинь саммиті ШЫҰ-ның жоғарғы органы – Мемлекет басшылары кеңесінің кезекті отырысы болмақ. Ұйым Жарғысына сәйкес, дәл осы орган стратегиялық басымдықтарды айқындайды, негізгі қызмет бағыттарын бекітеді, ұйымның ішкі дамуы мен халықаралық серіктестермен өзара іс-қимылына қатысты негізгі шешімдер қабылдайды.
Кеңес құрамына ШЫҰ-ға мүше 10 мемлекеттің көшбасшылары кіреді, яғни Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Беларусь, Үндістан, Иран, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан. Қорытынды құжатты қабылдау үшін барлық мемлекет басшысы қатысуы қажет.

Алдағы саммитте екі маңызды құжатқа қол қойылмақ:
- «Мемлекет басшылары кеңесінің Тяньцзинь декларациясы»;
- «ШЫҰ-ның алдағы онжылдыққа арналған даму стратегиясы».
Аталған құжаттар 2035 жылға дейінгі ұзақмерзімді жоспарлаудың негізіне айналады.
Үндістан премьерінің жеті жылдан кейінгі Қытайға сапары
Үндістан премьер-министрі Нарендра Модидің саммитке қатысуы Халықаралық қауымдастықтың айрықша назарын аударды. Бұл оның соңғы жеті жылдағы Қытайға алғашқы сапары болмақ.
Қытай Халық Республикасының Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Го Цзякуньнің айтуынша, қытай тарапы Модидің Тяньцзиньге келуін құптайды. Бұл сапар екіжақты байланысты нығайту жолындағы маңызды қадам ретінде қарастырылып отыр.
Еске сала кетейік, 19 тамызда Қытай мен Үндістан сыртқы істер министрлері келіссөз өткізіп, қарым-қатынастың оң қарқынын сақтау, үкіметаралық диалог пен алмасу механизмін қайта жандандыру, сондай-ақ екі ел арасындағы сауда-инвестициялық ағынды дамытуға уағдаласқан болатын.

Жоғары мәртебелі қонақтар
ҚХР Сыртқы істер министрлігінде 22 тамызда өткен брифингте министрдің көмекшісі Лю Бинь саммитке шақырылған мемлекет басшыларының тізімін жариялады:
- Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев
- Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко
- Үндістан Республикасының Премьер-министрі Нарендра Моди
- Иран Ислам Республикасының Президенті Масуд Пезешкиан
- Қырғыз Республикасы Президенті Садыр Жапаров
- Пәкістан Ислам Республикасының Премьер-министрі Шахбаз Шариф
- Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин
- Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмон
- Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев
- Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хурэлсух
- Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиев
- Армения Республикасының Премьер-министрі Никол Пашинян
- Камбоджа Корольдігінің Премьер-министрі Хун Манет
- Мальдив Республикасы Президенті Мохамед Муиззу
- Непал Федеративтік Демократиялық Республикасының Премьер-министрі КП Шарма Оли
- Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайып Ердоған
- Мысыр Араб Республикасының Премьер-министрі Мустафа Мадбули
- Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов
- Индонезия Республикасының Президенті Прабово Субианто
- Лаос Халық-демократиялық Республикасының Президенті әрі Халық-революциялық партиясы Орталық комитетінің Бас хатшысы Тхонглун Сисулит
- Малайзия Премьер-министрі Анвар Ибрагим
- Вьетнам Социалистік Республикасының Премьер-министрі Фам Минь Чинь
Халықаралық ықпалдастық
Бүгінде ШЫҰ, БҰҰ және оның мамандандырылған агенттіктерімен, сондай-ақ ТМД, ҰҚШҰ, АСЕАН, ЭЫҰ, АӨСШК, ЕЭК, Араб мемлекеттері лигасы, халықаралық Қызыл крест комитеті және өзге де халықаралық ұйымдар мен бірлестіктермен ынтымақтастық орнатқан.

ҚХР Сыртқы істер министрлігінің ақпаратына сәйкес, алдағы Тяньцзиньдегі саммитке келесі тұлғалар шақырылды:
- Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) Бас хатшысы Антониу Гутерриш
- Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) Бас хатшысы Нұрлан Ермекбаев
- ШЫҰ Аймақтық лаңкестікке қарсы құрылымының Атқарушы комитетінің директоры Уларбек Шаршеев
- Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының (ТМД) Бас хатшысы Сергей Лебедев
- Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттері қауымдастығының (АСЕАН) Бас хатшысы Као Ким Хоурн
- Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының (ҰҚШҰ) Бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов
- Экономикалық ынтымақтастық ұйымының (ЭЫҰ) Бас хатшысы Асад Хан
- Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің (АӨСШК) Бас хатшысы Қайрат Сарыбай
- Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) алқасының төрағасы Бақытжан Сағынтаев
- Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінің (АИИБ) президенті — Цзинь Лицюнь.
Еске салайық, ШЫҰ саммиті күзде Қытайдың Тяньцзинь қаласында өтеді.
Сондай-ақ Қазақстан-Қытай байланысы бойынша Тяньцзиньде өтетін ШЫҰ самиті жайлы шолу жасаған едік.
Одан бөлек, Тяньцзинь саммиті барысында ШЫҰ-ның 2035 жылға дейінгі даму стратегиясы қабылданады.