ТЖК қызметкерлері су басу қаупінен ШҚО-дағы 128 үйді құтқаруда

«ШҚО бойынша: ол жақта жағдай тұрақты. Десе де, күн жылығандықтан Ертіске құятын шағын сулардың деңгейі артып кетті. Су қоймаларындағы толымдылық деңгейі жобалық қуаттылыққа жетіп қалды. Әсіресе, Шүлбі су қоймасында суды жіберу деңгейін 700 текше метрге дейін арттыра бастады. Мәселен, кеше ғана бұл сан 1,1 мың текше метр болған еді. Осының артынша Ертіс өзеніндегі су деңгейінің көтерілгені байқалады», - дейді Владимир Беккер ведомствода өткен брифингте.
Комитет төрағасының айтуынша, сең Семейден өтіп, Ертіспен ағып бара жатыр.
«Кеше жару жұмыстары жүргізілген болатын. Алайда сонымен бірге кеше сағат 19.30 кезінде Кривинка ауылының маңында мұз кептелісі пайда болды. Ол мұз бүгін де ағып кеткен жоқ. Мұның артынша су деңгейінің көтерілгені байқалды. Осылайша, ауылды су алу қаупі бар. Ол ауылдағы 128 үйде 484 адам тұрады. Кеше ол жерде штаб құрылды. Аудан әкімі сонда барды. Ол жаққа бүгін облыстық ТЖД-ның бастығы жетті. Ауылда тікұшақ пен қажетті техникалар бар. Мұз жару жұмыстары күні бойы жүргізілетін болады. Осы кептеліс жойылар деген ойдамыз», - дейді Беккер.
Еске сала кетсек, бұған дейін Бесқарағай ауданында Кривинка ауылынан батысқа қарай 6-7 шақырымда Ертісте мұз кептеліп, өзен арнасынан шығып кеткенін хабарлаған болатынбыз.
Айта кетерлігі, бүгінгі өткен баспасөз мәслихатында ҚР Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер Ақмола облысындағы тасқын жағдайы қандай қауіп тудырып тұрғанын айтып берген еді. Оның айтуынша, Атбасардағы бөгет аса ауқымды мөлшердегі суды ұстап тұр.