ТЖК: Суға кеткен балалардың басым бөлігі - ұлдар
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жыл басынан бері Қазақстанның су айдындарында 137 адам мерт болды, оның 53-і - балалар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл туралы ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы В. Беккер Астанада өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
"Өткен жылдың 9 шілдесіне дейінгі аралықта 170 адам, оның ішінде 77 бала суда қаза тапқан еді. Биыл да алғашқы жартыжылдықта 137 адам мерт болды, оның ішінде 53 бала бар. Қаза тапқандардың 81%-ы немесе 112-сі шомылу маусымы басталғанда суға кетті", - деді В. Беккер баспасөз мәслихатында.
Комитет төрағасының айтуынша, өткен аптада 45 адам суға кеткен, оның ішінде 15 бала бар. Олардың басым бөлігі Шығыс Қазақстан облысында (8 адам, оның үшеуі - балалар), Қарағанды (6/4) және Атырау облыстарында (5/2) қаза тапқан.
"Балалардың өлімін зерттей келе, қайғылы оқиғалар 15:00 - 18:00 аралығында жиі болатыны анықталды. Және қаза тапқан балалардың көпшілігі 3-10 жаста болған. Олардың арасында ер балалар көп. Демек, ата-ана қарауынсыз қалған балалар ойнап жүріп, қалай өліп кеткендерін де білмейді. Осы орайда Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп, өңірлерде аула клубтарын, мектеп жанындағы лагерьлерді және спорттық үйірмелерді жандандыруға күш салып жатырмыз", - деп өз сөзін толықтырды ол.
Айта кетейік, еліміздің аумағында 50 мыңнан астам су қоймасы бар. Алайда, олардың тек 100-ге жуығында ғана құтқарушылар жұмыс істейді. Барлық су қоймаларын құтқарушылармен қамтамасыз ету әзірше мүмкін емес.
Өткен сенбі, жексенбі күндері Қазақстан аумағында 20 адам суға батып кетті.