ТЖМ: Ақсай шатқалындағы 5 гектарды шарпыған өрт тұрғын үйлерге таралған жоқ

ҚОНАЕВ. KAZINFORM – Алматы облысы Қарасай ауданындағы Көклайсай саяжайлары маңында қураған шөптің жануы тіркелді. Өрт Ақсай шатқалы аумағында шыққан. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі мәлім етті.

өрт
Фото: Видеодан алынған скрин

Ведомство мәліметінше, оқиға орнына Алматы облысы және Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаменттерінің, ҚР ТЖМ 28237 әскери бөлімінің жеке құрамы мен техникасы, сондай-ақ Мемлекеттік ұлттық табиғи парк қызметкерлері жұмылдырылған.

Жалпы саны 150-ден астам адам мен 20 техника тартылды.

«Құтқарушылардың жедел әрекетінің нәтижесінде өрттің тұрғын үйлер мен жақын маңдағы учаскелерге таралу қаупі жойылды. Алдын ала ақпарат бойынша, өрт аумағы 5 гектарды құрайды. Зардап шеккендер жоқ», – делінген хабарламада.

Саяжай тұрғындары алдын ала эвакуацияланды.

ҚР ТЖМ «Қазавиақұтқару» мекемесінің су ағызу құрылғысы бар Ми-8 тікұшағы да өрт сөндіру жұмыстарына жұмылдырылды.

Қиын рельеф пен қолайсыз ауа райына қарамастан, өртті сөндіру жалғасып жатыр.

Айта кетейік, Таразда өндірістік цех өртенді.

Соңғы жаңалықтар