ТЖМ Алматыдағы жер сілкінісінен кейін қандай шара қолданды

АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов Алматыдағы жер сілкінісінен кейін ведомство қандай шаралар қабылдап жатқанын баяндады.

Шыңғыс Әрінов
Фото: ҚР Үкіметі

«Сейсмология институты Алматы аймағында қандай да бір елеулі, жойқын жер сілкінісі күтілмейтінін айтуда. Ешкім 100% кепілдік бере алмайтынын түсіндіргім келеді», - деді ТЖМ басшысы Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында.

Шыңғыс Әрінов ТЖМ ықтимал жер сілкінісі жағдайларына тиісті дайындық жұмыстарын жүргізе бастағанын атап өтті.

«Алматының сейсмикалық қауіпті аймақта екенін ескеріп, халық ең көп қоныстанған қала екенін, көпқабатты ғимараттар бар екенін, мәселенің өте маңызды екенін түсінеміз. Біз ТЖМ ретінде барлық тиісті жұмыстарды жүргізе бастадық. Біз оны қатты жарияламаймыз, бірақ жақын арада Алматы тұрғындары бұл жұмысты көреді», - деді ол.

Министр ТЖ алдын алу департаментінің басшысы, ТЖ жою департаментінің басшысы, сондай-ақ азаматтық қорғаныс комитетінің төрағасын Алматыға іссапарға жіберген.

«Олар ТЖД аумақтық басшысымен, біздің облыстық департаменттермен, әкімдіктермен еш қағазбастылықсыз өзара іс-қимыл жасап, іс жүзінде пысықтауды бастады. Біз пәтер иелері кооперативтерімен және мүлік иелері бірлестіктерімен жұмыс істеп жатырмыз және қажет болған жағдайда әр үйді, әр ауланы аралаймыз, тұрғындар арасынан еріктілерді іріктеп аламыз. Мәселен, бұрынғы қызметкерлеріміз, қажетті уақытта іс-қимылдарды ұйымдастыра алатын зейнеткерлеріміз бар», - деп атап өтті ТЖМ басшысы.

Сонымен бірге, Алматы үйлеріндегі чаттарға төтенше жағдай кезіндегі іс әрекет туралы ұсынымдар жіберілмек.

«Өзіміздің Telegram-каналымызда белсенді жұмыс істей бастадық, барлық оқиғалар бойынша халықты хабардар етеміз. Онда әрбір азаматқа, Алматының әрбір тұрғынына түсінікті тілде төтенше жағдайда не істеу керектігі түсіндіріледі. Алғашқы атқарылған жұмыстар осындай және олар жалғасын табады», - деді Ш. Әрінов.

Соңғы жаңалықтар