ТЖМ ауа райына байланысты тұрғындарға ескерту жасады
АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі азаматтарды қыс мезгілінде сақтық шараларын қатаң сақтауға, дауылды ескертулерді тұрақты қадағалауға және қолайсыз ауа райы жағдайында алыс сапарларға шықпауға шақырады.
Ведомство мәліметінше, ауыл тұрғындарына ауа райы нашарлаған кезде ұзақ серуендеуден бас тарту ұсынылады.
Ауа райының нашарлауы туралы дауылды ескертулер, сондай-ақ автожолдардың жабылуы жөніндегі ақпарат тұрғындарға СМС-хабарламалар, интернет-ресурстар және әлеуметтік желілер арқылы жеткізіледі.
Сонымен қатар Төтенше жағдайлар министрлігі халықтың назарын қысқы кезеңде әлі қатпаған мұзға шығудың қауіпті екеніне аударады және су айдындарында болған кезде қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырады.
Қысқы кезеңдегі төтенше жағдайларға жедел ден қою мақсатында 44 мыңнан астам жеке құрам және 14 мыңнан астам техника тартылатын күштер мен құралдар тобы дайындалған.
- Ел өңірлерінде 1 681 жылыту пункті әзірленді. Бұдан бөлек, ТЖМ-нің 40 трассалық медициналық-құтқару пункті қажет болған жағдайда жылыту пункттері ретінде пайдаланылатын болады, - делінген ведомство ақпаратында.
Айта кетейік, ТЖМ тұрғындарға қар көшкініне байланысты ескерту жасады.