ТЖМ балалардың терезеден құлау оқиғаларына алаңдаушылық білдірді

АСТАНА. KAZINFORM – Күн жылына салысымен, сондай-ақ жазғы мектеп демалысы кезінде осындай оқиғалар саны артады, деп жазды ТЖМ.

терезедан құлады
Фото: ҚР ТЖМ баспасөз қызметі

Жыл басынан бері ведомствоның Стратегиялық жоспарлау және жедел басқару командалық орталығына балалардың терезеден құлауына байланысты 60 жазатайым оқиға туралы ақпарат түскен. Бес бала оқиға орнында қаза тапса, 55 бала түрлі жарақат алып, медициналық мекемелерге жеткізілді.

- Былтыр осындай 196 оқиға тіркелді. Әдетте, тәуекел аймағында - ересектердің қарауынсыз қалған 2 жастан 13 жасқа дейінгі балалар. Көбінесе қайғылы оқиғалар балалар москит торларына сүйенген кезде орын алады, себебі бұл торлар салмаққа шыдамайды, - дейді ТЖМ ресми өкілі Динара Нұрғалиева.

Ведомство басшысының тапсырмасы бойынша еліміздің барлық өңірлерінде профилактикалық жұмыстар күшейтілді. Құтқарушылар ата-аналармен кездесу кезінде және балалар мекемелерінде рейдтер, профилактикалық іс-шаралар өткізеді.

Азаматтардың тәуекелдер туралы хабардарлығын арттыру үшін ақпараттық ресурстар белсенді түрде тартылуда.

Төтенше жағдайлар министрлігі барлық ата-аналар мен балалардың заңды өкілдерін төмендегі қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырады:

  • Балаларды қараусыз қалдырмаңыз;
  • Москит торларына сенбеңіз — олар баланы ұстап қалмайды;
  • Терезелерге арнайы бекіткіштер мен блокаторларды орнатыңыз;
  • Бала терезе алдына шыға алмас үшін, терезе маңындағы жиһаздарды алып тастаңыз.

- Әрбір қайғылы оқиғаның алдын алуға болады.

Балалардың өмірі мен денсаулығы үшін жауапкершілік ересектерге жүктеледі, - деп толықтырды ресми өкіл.

Айта кетейік, Өскеменде балаларды терезеден құлаудан сақтандыру үшін дрондар қолданылып жатыр.

Соңғы жаңалықтар