ТЖМ құтқару ісіне жасанды интеллектіні енгізіп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – Төтенше жағдайлар министрлігі өз жұмысында қандай цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні қолдана бастағанын мәлімдеді.

ТЖМ
Фото: ТЖМ

Төтенше жағдайлар вице-министрі Кеген Тұрсынбаевтың айтуынша, цифрлық технологиялар бүгінде қауіп-қатердің алдын алуда және төтенше жағдайлардың салдарын жоюда басты құралға айналып отыр.

- Геоақпараттық және спутниктік жүйелер белсенді енгізіліп жатыр. Табиғи қауіптерді талдауға жасанды интеллектіні пайдаланып, қауіпті аймақтардың цифрлық карталарын әзірлеп жатырмыз, - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Сонымен қатар спикер ескерту жүйесінің цифрлық трансформациясы аяқталып, ескі құрылғылардың орнына заманауи платформалар енгізілгенін атап өтті.

- Алматыда ықтимал жер сілкінісі және басқа да төтенше жағдайлар туралы халықты ескертетін «MASS ALERT» шұғыл хабарлау жүйесі жұмыс істейді. Бұл жоба барлық сейсмикалық қауіпті аймақтарға таратылмақ, - деді Тұрсынбаев.

Вице-министр цифрландыру нәтижесінде төтенше жағдайлардың алдын алу тиімділігі едәуір артқанын айтады. Мәселен, соңғы жылы су басқан елді мекендер саны 95 пайызға азайған.

Цифрлық жаңғырту жұмыстары мұнымен шектелмейді. Қазір министрлік табиғи және техногендік қауіптерге жасанды интеллект арқылы болжам жасау, дрондармен мониторинг жүргізу және онлайн карта негізінде тәуекелдерді талдау жүйесін дамыту үстінде. Біздің мақсатымыз - төтенше жағдай туындамай тұрып, оны болжау және халықты дер кезінде ескерту. Цифрлық технологиялар - құтқару ісінің жаңа бетбұрысы, - деді Кеген Тұрсынбаев.

Айта кетейік, ТЖМ қызметкерлеріне көтерме және қосымша төлемдер қалай төленетінін жазған едік.

                                                                                                                  Камила Мүлік

Соңғы жаңалықтар