ТЖМ құтқарушылары жолда қалған 42 адамды жылыту пунктіне жеткізді
ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM — Қарағанды облысының Шет ауданы, Ақсу-Аюлы кентіндегі бекетте республикалық маңызы бар автожол қозғалысының шектелуіне байланысты жолаушылары бар 2 автобус тоқтап қалды, деп хабарлайды ТЖМ баспасөз қызметі.
Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары, полиция қызметкерлері және жергілікті атқарушы органның қызметкерлерімен бірге жолаушылар автобустарындағы 42 адамды жақын маңдағы жылыту пункттеріне орналастырды. Оның ішіндегі екеуі – бала.
Дер кезінде жылы орынға жеткізілген оларға медициналық көмек қажет болған жоқ.
Жалпы, ТЖМ дауылды ескертулерді ескеруді және ауа райы нашарлаған жағдайда елді мекеннен тыс жерлерге шықпауға кеңес береді.
Еске сала кетсек, Алматылық құтқарушылар бір түнде 100-ге жуық адамды құтқарды.
Балқаш маңында бұзылған автобустан 22 жолаушы қауіпсіз жерге жеткізілді.
Ал Ақтөбеде құтқарушылар 53 адамды эвакуациялады.