ТЖМ өкілеттілігінің ІІМ-не берілуіне қатысты түсіндірме

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Президентінің бастамасы бойынша өткен Үкіметтің қайта құрылуы аясында Төтенше жағдайлар министрлігінің функциясы мен өкілеттігі Ішкі істер министрлігіне берілді, ол еліміздің азаматтарын қорғаудың кешенді жүйесінің тиімділігін күшейтуге мүмкіндік береді. Бұдан өзге, осы шешім табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларға жедел ден қоюды арттыруға мүмкіндік беретін болады.

ТЖМ өкілеттілігінің ІІМ-не берілуіне қатысты түсіндірме

Тәжірибеде құтқарушылардың, ішкі істер органдары қызметкерлерінің, әскери қызметшілердің ірі төтенше жағдайларды жою кезіндегі тиімді өзара іс-әрекеттерінің мысалдары аз емес. Атап айтқанда, 2014 жылғы тамызда Жамбыл облысы Мерке ауданындағы таулы жерлерде табиғи өртті сөндіруге ТЖД өрт сөндірушілері, ІІД қызметкерлері, Ұлттық гвардия мерзімді қызмет офицерлері, сержанттары мен сарбаздары, жергілікті атқарушы органдар мен орман шаруашылығының қызметкерлері жұмылдырылды. Ықпалдасқан әрекеттің арқасында 119 техника мен 2 тікұшақты пайдаланумен 792 адам ірі орман өртін ауыздықтады.

Бұл Қазақстан Республикасы Ұлттық гвардиясы әскери қызметкершілері мен ішкі істер қызметкерлері ТЖ-ны жоюға қатысқан алғашқы жағдай емес.

Олар құтқарушылармен бірігіп тұрақты түрде адамдарды қар құрсауынан, су астында қалудан, апатта зардап шеккен аудандардан эвакуациялайды.

Мәселен, 2010 жылы Ұлттық гвардияның 5514 әскери бөлімінің жеке құрамы 10 күн бойы Қызылағаш кентінде болған төтенше жағдайлар салдарын жоюға және халыққа көмек көрсетуге қатысты.

Қазақстан Республикасы ІІМ Ішкі әскер әскери қызметшілері 2013 жылғы қаңтарда Жамбыл облысында қалыптасқан төтенше жағдайларға байланысты апат салдарын жою үшін көмек көрсетуге келген алғашқылардың қатарында болды. Алматы құрамасынан 5513 әскери бөлімі мен Шымкент құрамасынан 6506 әскери бөлімінің жиынтық жасақтары - барлығы 240 адам жіберілді. Қаратау мен Жаңатас қалаларына келген кезде күркелер, қаланың халқы үшін тиісті санитарлық-гигиеналық жабдықтар, зардап шеккендер үшін медициналық көмек және жылыту пункттері орнатылды. Қираған ғимараттар мен құрылыстарды бөлшектеу, көшелерді құлаған ағаштар мен қоқыстан тазарту, тұрғындарды азық-түлікпен қамтамасыз ету және қауіпсіз жерге эвакуациялау жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ ішкі әскер әскери қызметшілері Қарағанды облысы Көкпекті ауылында бөгеттің жарылуы салдарынан туындаған төтенше жағдайлар салдарын жоюға қатысты. Олар құтқарушылармен бірігіп адамдар мен машиналарды эвакуациялау, аулалар мен көшелерді тазарту жұмыстарына жұмылдырылды.

Осы шаралардың тиісті заңды негізі болған жоқ, ол бірыңғай ведомство аясында құтқарушылардың, өрт сөндірушілердің, азаматтық қорғау және Ұлттық гвардия күштерінің, әкімшілік полицияның өзара іс-әрекеттері арқылы жүзеге асырылды.

Төтенше жағдайлар, полиция мен Ұлттық гвардия бөлімшелері қызметкерлерінің құтқару мүмкіндіктерін біріктіру біздің азаматтардың табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардан қорғалуын айтарлықтай күшейтеді.