ТЖМ санитарлық авиациясы айына 40-қа жуық шұғыл рейс орындайды

АСТАНА. KAZINFORM – Жыл басынан бері ТЖМ авиациясы таулы шатқалдар мен шалғай ауылдардан 466 науқасты эвакуациялады, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Санитарная авиация Казахстана: сколько стоит эвакуация пациентов и что мешает срочным вылетам
Фото: Kazinform/ЖИ

Санитарлық авиацияға сұраныс артты

Ведомство мәліметінше, 2023 жылы 295 рейс орындалса, 2024 жылы 421, ал өткен жылы 536 рейс жасалған. Биылғы тоғыз айда 486 медициналық рейс орындалып, 466 науқас тасымалданған. Орта есеппен айына 40-қа жуық шұғыл ұшу жүзеге асырылады.

а
Фото: ТЖМ

Алайда бұл көрсеткіштер елдегі санитариялық авиация жұмысының толық ауқымын қамтымайды. Қазақстан бойынша, оның ішінде эвакуацияланған балалардың нақты саны туралы толық статистика Денсаулық сақтау министрлігінің құзыретінде.

Шұғыл рейс туралы шешім қалай қабылданады?

ТЖМ мәліметінше, санитариялық авиацияның шұғыл рейсі туралы шешім өтінім түскеннен кейін қабылданады. Бұл ретте науқастың жағдайы, медициналық көмекке деген қажеттілік, ауа райы және ұшудың қауіпсіздігі ескеріледі.

Мұндай жағдайда науқасқа дер кезінде көмек көрсетуге бағытталған «алтын сағат» қағидаты маңызды. Ұшу қажеттілігі расталған соң әуе кемесі мен экипаж дайындалады. Алайда қандай жағдай болмасын ұшу қауіпсіздігі басты орында тұрады.

Науқасты құтқаруға қандай әуе кемесі жіберіледі?

ТЖМ мәліметінше, құтқару үшін әуе кемесін таңдау қашықтыққа, бағытқа, қону мүмкіндігіне және тапсырманың күрделілігіне байланысты.

EC-145 тікұшағы базадан 250–300 шақырымға дейінгі қашықтыққа ұшып, облыс пен көршілес аудандарда жедел көмек көрсетуге пайдаланылады. Ал Ми-8 тікұшағы 350–400 шақырымға дейінгі бағыттарда, соның ішінде шалғай әрі жетуі қиын елді мекендерге ұшады.

ТЖМ санавиациясы Қызылордадан Алматыға ауыр халдегі баланы шұғыл жеткізді
Фото: ТЖМ

Одан да алыс қашықтыққа L-410 NG ұшағы жіберіледі. Ол облыс орталықтары мен елорда арасында 500–1000 шақырым және одан да ұзақ бағыттарда қатынайды. Ақтөбе – Астана бағыты бойынша рейстер орындайды.

Тікұшақтың басты артықшылығы – әуежайы жоқ жерге де қона алуы. Қолайлы алаң болған жағдайда оқиға орнына немесе ауруханаға жақын жерге аялдай алады. Дегенмен оның ұшу қашықтығы мен жылдамдығы шектеулі, әрі ауа райына тәуелділігі жоғары.

Вертолетную площадку для высокогорных спасательных операций обустроили в горах Алматинской области
Фото: ТЖМ

Ұшақтар алыс қашықтықты жылдамырақ еңсеріп, медициналық жабдықтар мен мамандарды көбірек тасымалдай алады. Алайда оларды қондыру үшін ұшу-қону жолағы бар әуежай қажет. Сондықтан науқасты ауруханаға жеткізу үшін қосымша көлік керек болуы мүмкін.

Эвакуация жұмысын кім үйлестіреді?

Науқасты шұғыл эвакуациялау бірнеше қызметтің бірлескен жұмысы арқылы жүзеге асады. Ұшқыштар, медицина қызметкерлері мен құтқарушылардың әрекеттерін «Қазавиақұтқару» АҚ-ның Жедел басқару орталығы, ТЖМ-нің Стратегиялық жоспарлау және жедел басқару орталығы мен Апаттар медицинасы орталығы, сондай-ақ Денсаулық сақтау министрлігінің Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы үйлестіреді.

Апат орнынан немесе жетуі қиын аумақтан эвакуациялау қажет болғанда ақпарат Стратегиялық жоспарлау және жедел басқару орталығына түседі. Ол әуе кемесі мен экипажды дайындауға тапсырма беріп, Апаттар медицинасы орталығы ұшу орны мен уақытын хабарлайды. Қажет болған жағдайда ТЖМ-нің Республикалық жедел штабы құтқарушылар бөледі.

Вертолетную площадку для высокогорных спасательных операций обустроили в горах Алматинской области
Фото: ТЖМ

Ал ауыр халдегі науқастарды тасымалдау кезінде Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы ұшуға өтінім беріп, қажетті жабдықтары бар медициналық бригаданы жібереді және жергілікті дәрігерлердің жұмысын үйлестіреді.

Құтқару кезіндегі басты кедергі – ауа райы

ТЖМ күрделі құтқару операцияларының бірі ретінде 2026 жылғы 6 тамызда Іле Алатауындағы «СГУ» шыңынан туристі эвакуациялау оқиғасын атады. Биіктігі 4 464 метр болатын шыңға көтерілген алты туристің бірінің жағдайы тау ауруы – гипоксияға байланысты нашарлаған. Экипаж оны тікұшақпен №4 қалалық клиникалық ауруханаға жеткізіп, дәрігерлерге тапсырған.

МЧС и авиация, поиск туристов, лавины Алматы, горы, учения
Фото: ҚР ТЖМ

Алайда мұндай құтқару жұмыстарына ауа райы кедергі келтіруі мүмкін. ТЖМ мәліметінше, аласа бұлт, тұман, қатты жаңбыр мен қар, сондай-ақ екпінді жел ұшуға қауіп төндіреді. Мұндай жағдайда қауіпсіз ұшуға мүмкіндік болмаса, экипаж науқасқа немесе зардап шеккен адамға көмек көрсету үшін әуеге көтеріле алмайды.

Бір санитарлық рейстің құны қанша?

Науқасты әуе арқылы эвакуациялау шығыны бірнеше факторға байланысты. ТЖМ мәліметінше, санитариялық рейстің құны әуе кемесінің түріне, ұшу ұзақтығы мен тапсырманың күрделілігіне қарай өзгереді. Оған ұшу қашықтығы, жанармай, әуежайлық және аэронавигациялық алымдар, сондай-ақ әуе кемесіне техникалық қызмет көрсету шығындары әсер етеді.

Алайда ведомство бір санитарлық рейстің нақты орташа құнын атаған жоқ.

Әуе кемелері мен мамандар жеткілікті ме?

Қазір «Қазавиақұтқару» АҚ санитариялық авиация бағыты бойынша еліміздің 14 облыс орталығында кезекшілік атқарады. Санитариялық авиацияның бүкіл ел аумағында қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін ТЖМ әуе флотын жаңартып, жаңа техника сатып алып жатыр. Олардың қатарында L-410 NG ұшақтары, Ми-8 және EC-145 тікұшақтары бар. Бұл әуе кемелері шалғай елді мекендерге жетіп, науқастарды медициналық мекемелерге жедел жеткізуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар құтқару операцияларының тиімділігі тек авиациялық техникаға емес, экипаждардың дайындығына да байланысты. Осыған орай «Қазавиақұтқару» АҚ ұшқыштар құрамын толықтырып, оларды арнайы бағдарламалар бойынша даярлайды. Оқу барысында мамандар күндіз және түнде, түрлі метеорологиялық жағдайда аспаптар арқылы ұшу дағдыларын меңгереді. Бұл олардың күрделі жағдайларда әрекет етуге дайындығын арттыруға бағытталған.

Бұдан бөлек, ТЖМ әуе кемелерінің ұшуға дайындық уақытын қысқарту үшін әуежай аумақтарында ангарлар мен тікұшақ алаңдарын салуда. Мұндай инфрақұрылым техниканы сақтауға, оның дайындығын қамтамасыз етуге және шұғыл шақырту түскен кезде уақыт жоғалтпауға мүмкіндік береді.

Осылайша, санитарлық авиацияның жұмысында әуе кемелерінің мүмкіндігі, экипаждардың кәсіби дайындығы мен қажетті инфрақұрылымның болуы қатар маңызды. Әсіресе, жол қатынасы қиын таулы аймақтар мен шалғай ауылдарда бұл қызмет науқасты медициналық көмекке дер кезінде жеткізуге ықпал етеді.

Бұған дейін Астанадағы Асқар Забикулин атындағы № 6 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде егіз ағайындылар қызмет ететінін жазған едік.