ТЖМ: жазғы демалыс кезінде балалардың қауіпсіздігі басты назарда болады

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігі жаз мезгілі қарсаңында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған кешенді шараларды жүзеге асырып жатыр. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен дөңгелек үстелде ҚР ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Ерлан Төрегелдиев мәлім етті.

Жазғы демалыс кезінде балалардың қауіпсіздігі басты назарда болады
Фото: Денсаулық сақтау министрлігі

— Әр өңірде профилактикалық, үгіт-насихат жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп жатыр. Бұл жұмысқа ата-аналар, балалар, мектепке дейінгі ұйымдар тартылып отыр. Барлық жастағы балалар үшін ТЖМ бөлімшелеріне экскурсиялар ұйымдастырылады. Жұмыс жаз айларында да тоқтатылмайды, — деді комитет төрағасы.

Оның айтуынша, қазіргі таңда еліміз бойынша білім беру ұйымдарында 2500-ден астам «Жас құтқарушы» үйірмесі мен кадет сыныптары жұмыс істейді. Бұл үйірмелер өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беріп, төтенше жағдайлар кезіндегі іс-қимылға үйретеді.

— Маусым айында Көкшетау қаласында жыл сайынғы республикалық «Жас құтқарушы» жарысы өтеді. Оның қорытындысы бойынша үздік командалар халықаралық деңгейдегі жарыстарға қатысуға мүмкіндік алады, — деп толықтырды Ерлан Төрегелдиев.

Сонымен қатар 1 маусым — Халықаралық балаларды қорғау күні аясында «Балалардың қауіпсіздігі — басты назарда» атты республикалық іс-шара ұйымдастырылуда. Бұл бастама қауіпсіз демалысты қамтамасыз етуге және балалардың өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталған.

Айта кетейік, бұған дейін балалар мен жасөспірімдер қозғалысын дамытудың жаңа тәсілдері қабылданатынын жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар