Уәкіл Түркістан өңірінде бала құқықтарын қорғау бағытында атқарылатын жұмыстарды атады

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева Түркістан облысындағы Жібек жолы ауылына барып, қорлықпен қаза тапқан Еркежанның отбасына көңіл айтты. Бұл туралы уәкіл әлеуметтік желідегі парақшасына жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None

«Бұл – бәріміз үшін үлкен қайғы. Бүгінгі біздің міндетіміз – мұндай жағдайларды енді болдырмау. Сондықтан заңнамаға енгізілетін құрылымдық өзгерістердің күшіне енетінін күтпей-ақ, өңірлерде Мемлекет басшысы бекіткен бағыттар мен міндеттермен, сондай-ақ Сарыағаш, Сайрам және Түлкібас аудандарындағы жұмыс кезінде анықталған проблемалармен жұмысты бастай беруді жөн көрдік.

Бүгін таңертең облыс әкімдігі, аудан әкімдіктері, Түркістан облысындағы БҚӨ Гүлжан Вероцкаямен Түркістан қаласында жиналып, ақылдастық. Содан кейін ҮЕҰ, сарапшылармен кездесіп, ұсыныстарын тыңдадық. Алдымызда тұрған міндеттер бойынша бірге жұмыс істейміз деп келістік», - дейді Динара Зәкиева.

Нәтижесінде:

Аумақтарды дамыту жоспарына отбасы институтын нығайту, қолайсыз тұрмыстың, ҚӨЖ, тұрмыстық зорлық-зомбылық, балаларға қатысты қатыгездік пен зорлықтың алдын алу жөніндегі индикаторлар енгізіледі. Бұның маңызы өте зор, себебі облыс бюджеті мен жұмысындағы басымдықтар дәл осы жоспардың негізінде жасалады.

Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі инспекторлардың саны арттырылады. Мысалы, Сарыағаш ауданында 77 мектепке қазір тек 14 КТІИ ғана бар.

Әкімдік бірыңғай Психологиялық қолдау орталығын ашады. Орталық облыс психологтарының бәрімен үздік қауіпсіз әдістемелермен жұмыс жүргізбек. Оларды зорлық-зомбылық пен суицидтік көңіл-күйдің барлық түрлерін анықтауға үйретеді.

Мектептерде қауіпсіздік сабақтары енгізіледі. Орталық деңгейде бағдарламамен Оқу-ағарту министрлігі айналысады. Апта сайын тренингтер, қауіпсіздік ережелері туралы дәрістер өткізіп отыру қажет.

Алдағы 2 жылда 15 отбасын қолдау орталығы ашылады. Әр ауданда бір-бірден.

Жедел әрекет ету топтары және олардың WhatsApp-тағы чаты құрылды. Чат құрамында 200 учаскелік полицей, әкімдік басқармаларының, Отбасын қолдау орталығының, Дағдарыс орталығының өкілдері, прокуратура, өңірлік БҚУ және мен бармын.

Ең бастысы – учаскелік полицейлер қауіпті жағдайдағы, ҚӨЖ-дағы, зорлық-зомбылық белгілері бар және т.б. отбасылар, әйелдер, балалар туралы ақпаратты жедел түрде сол чатқа жіберуге міндетті болады.

Әр бала көмек сұрап қайда қоңырау шала алатынын білуі үшін сенім телефоны/байланыс орталығының плакаттары әзірленіп, мектептерде, емханаларда, аулаларда және т.б. жерлерде жапсырылады.

«Бұл бағыттардың маңызды зор, себебі әйелдер мен балалармен бүгіннің өзінде әңгімелесудің барысында олардың көмекке мұқтаж болса да, көмекті қайдан сұрарларын білмейтіндігі белгілі болды. Ішкі саясат және дін басқармаларымен халықты БАҚ арқылы ақпараттандыру, сондай-ақ мүфтияттың балалар мен әйелдерге қатысты зорлық-зомбылыққа жол бермеу туралы түсінік пен сананы қалыптастыруға бағытталған ағарту жұмыстарын жүргізуі туралы уағдаластық.

Сотталып, бостандыққа шығып үлгерген адамдармен жұмыс істеуге ерекше назар аударылды. Облыста ондай 3008 адам бар. Олардың әрқайсысымен әлеуметтендіру жұмыстары және бақылау жүргізіліп отыру керек. Аудандардың бірін бұл тараптан зерттегенімізде бұндай жұмыстың жүргізілмейтіні анықталды. Жүйелі мәселе де бар, аталмыш міндеттер қазір әкімдіктің бірде бір басқармасына бекітілмеген», - деп жазылған уәкілдің парақшасында.

Автордың пайымынша, бұл ретте заңнамаға енгізіліп жатқан отбасымен жұмыс істеу туралы функцияны әлеуметтік басқармаға беру туралы құрылымдық өзгерістер бұл жүйелі мәселені шешпек. Алайда оны күтіп отырмай, бұл тәсілді де енгізе беру керек.

«Бостандыққа шыққан әр адам туралы жеке-жеке есеп беріліп отырады, сондай-ақ қатаң бақылау жүргізіледі деп келістік.

Әкімдік 40 интернатты, сондай-ақ БЖСМ-тері мен мемлекеттік лагерьлерді жөндеудің үш жылдық жоспарын осы айдың соңына дейін дайындайды.

Мысалы, кеше біз С. Ерубаев атындағы интернатқа соқтық. Интернаттың күйі сұмдық.

Айдың басында мен Түлкібас ауданының интернаттарын аралап, ал Гүлжан Вероцкая облыстың барлық интернатын көріп келді. Бүгінгі жиналыста сол мекемелердің күйінің фотосуреттерін көрсеттік.

Әкімдікпен ауылдағы балаларға, сондай-ақ ерекше балаларға арналған инфрақұрылымды дамыту жоспарын пысықтай бастадық.

Облыс әкімдігі ұсыныстардың бәрін қолдап, іске асыра бастады. Оларды іске асыруға Гүлжан Вероцкая екеуміз де қатысатын боламыз», - дейді Динара Зәкиева.

Соңғы жаңалықтар