Уақыт бізден ұйымдаса жұмыс жасауды талап етеді - БҚО әкімі

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрлан Ноғаев өңір жұртшылығын еліміздегі ең басты мейрам - Тәуелсіздік күнімен құттықтады.

«Бұл мереке мемлекетіміздің азаттығы мен қуаттылығының айқын нышаны болып табылады. Тәуелсіздік алған сәттен бастап халқымыз Қазақ елінің ұлы тарихын жаңа жетістіктермен, тамаша табыстармен жалғастырды.

Біз өзіміздің бай тарихымызды, алуан түрлі табиғатымызды, мәдениетімізді, экономика, ғылым, өнер, спорт және басқа да салалардағы қол жеткізген жетістіктерімізді мақтан етеміз. Алайда еліміздің, жеріміздің ең басты байлығы - Қазақстанды мекендеген жүзден аса ұлттардың ынтымағы.

Бұл мейрам - ортақ Отанымыздың бүгіні мен ертеңі жолындағы ұлттық бірігу мен жауапкершіліктің көрінісі. Уақыт бізден мемлекеттің, қоғамның және әрбір азаматтың игілігі, бостандығы мен құқығының сақталуы үшін ұйымдаса жұмыс істеуді талап етеді.

Қазақстанға халықаралық «ЭКСПО - 2017» көрмесін өткізуді тапсырудың өзі баршамыздың көкейімізге мақтаныш ұялатты және бұл халықаралық қауымдастық тарапынан Қазақстанға берілген аса жоғары баға, зор жауапкершілік деп ұғынуымыз керек.

Қазір біз тұрақты экономикасы және келешекке деген аса ауқымды жоспарлары бар күшті әрі гүлденген мемлекетте өмір сүріп отырмыз деп батыл айтуға болады. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көреген саясаты, кемеңгер басшылығы арқасында еліміз әлемге танылды, этносаралық және конфессияаралық татулықтың айрықша үлгісін қалыптастырған демократиялық республика ретінде үлкен беделге ие болды.

Осынау мереке күні баршаңызға мықты денсаулық, жанұя жарастығын, бақытты ғұмыр тілеймін! Отанымыз - Қазақстан Республикасы гүлденіп, көркейе берсін!» делінген онда.

Соңғы жаңалықтар