Уақытында қабылданған шаралардың арқасында жұмыссыздық деңгейі 5,2 пайызға төмендеді

Бұл туралы бүгін Парламент Сенатында «Жұмыспен қамту - 2020» мемлекеттік бағдарламасының іске асырылу барысына арналған дөңгелек үстелде Парламент Сенаты Төрағасының орынбасары Қайрат Ищанов мәлім етті.
Жиын барысында сөз сөйлеген вице-спикер жұмыспен қамту және жұмыссыздықпен күрес әлемдік саясаттағы негізгі мәселелердің бірі екенін атап өтті. «Еңбек мәселесін мемлекеттік тұрғыда реттеу және жұмыспен қамтуға серпін беру бағытындағы уақытында қабылданған шаралар Қазақстандағы жұмыссыздық деңгейін 5,2 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік берді. Жалпы, халықты жұмыспен қамтудың қысқа мерзімді стратегиясын іске асыру барысында 2008-2010 жылдарда 392 мың жұмыс орны ашылып, 150 мыңға жуық адам даярлыққа және қайта даярлаудан өтті. 192 мыңнан астам адам әлеуметтік жұмыс орындары мен жастар тәжірибесі аясындағы жұмыс орындарына еңбекке тартылды», - дейді Қ. Ищанов.
Төраға орынбасары сондай-ақ, жұмыспен қамтуды ұлғайту, еңбек қатынастарын реттеу және жұмысшылардың еңбек жағдайларын жақсарту шараларын күшейтуге бағытталған бірқатар жаңа заң жобаларына да тоқталып өтті. Оның айтуынша, жақын аралықта Парламент «Әлеуметтік жұмыс орындары туралы», «Кәсіби одақтар туралы» заңдарды жұмысқа алатын болады. Бұдан бөлек, Еңбек кодексі және жұмыспен қамту саласындағы нормативтік-құқықтық актілер жаңартылады. Одан басқа, шағын және орта бизнеске арналған салықты реттеу тәртібін оңайлатуға, әкімшілік кедергілерді одан әрі азайту, шағын, орта және ірі бизнес ұғымдарының аражігін нақты айқындауға бағытталған кәсіпкерлік бастамаларды ынталандыруға қатысты бірқатар жаңа заңдар топтамасы Парламентке өндіріске алынатын болады.