ҰБ: 2025 жылға арналған инфляцияның медиандық болжамы — 10,7 пайыз
АСТАНА. KAZINFORM — Алдағы жылы күтілетін инфляция 14,1 пайызды құрайды. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов айтты.

— Мамыр айының қорытындысы бойынша жылдық инфляция 11,3 пайызға жетті. Инфляцияның қарқыны өткен жылдың соңынан бері байқалып келеді. Бағаға қысым көрсетуші негізгі фактор — қызмет көрсету саласы. Жылдық мәнде сервистік компонент 16 пайызға өсті. Сонымен қатар, егер I-тоқсанда сервистік инфляцияның негізгі өсіміне реттелетін тұрғын үй-коммуналдық қызметтері үлес қосқан болса, II-тоқсаннан бастап алдыңғы қатарға нарықтық қызметтер шыға бастады, — деді ол.
Оның атап өтуінше, реттелетін тұрғын үй-коммуналдық қызмет тарифтерінің жылдық өсімі 25,8 пайызды құрады. Реттелмейтін нарықтық қызметтер де 14,7 пайызға қымбаттады. Реттелмейтін қызмет түрлеріне бағалардың тез өсуі ішкі сұраныстың жоғары екенін айғақтайды. Себебі бұл қызметтер мемлекет тарапынан реттелмейді және сұраныс тарапынан қосымша теңгерімсіздікке ұшырайды.
— Сервистік инфляция бағасының жедел өсуімен қатар азық-түлік инфляциясының бағасы да көтеріліп келеді. Мамыр айында ол 9,6 пайызды құрады. Бұл, ең алдымен, ауыл шаруашылығы өнімдерінің біртіндеп қымбаттауымен байланысты. Азық-түлік бағасының өсуіне курстық фактор да әсер етті: импорттық, әсіресе, ТМД елдерінен келетін тауарлардың көтерме бағасы да өсіп тұр. Жақсы жаңалықтан — базалық инфляция мамыр айында 0,8 пайызды құрады. Ал маусымдық факторды ескермегендегі инфляция 0,9 пайыз болды. Осы факторлардың көрсеткіші бірнеше ай тұрақты болып, кейін аздап төмендегенін көрсетті. Алдағы жылы күтілетін инфляция 14,1 пайызды құрады. Бұл бағалауларда жанар-жағармай бағасының өсуі мен ҚҚС-тың жоспарланған арттыруы көрініс тапқан. Нарықтың кәсіби қатысушылары біршама ұстамды болғанымен, 2025 жылға арналған инфляцияның медиандық болжамы 10,7 пайызды құрайды, — деді Ұлттық банк төрағасы.
Бұған дейін Тимур Сүлейменов криптовалютаға инвестиция салуға қатысты пікір білдірген еді.