13:49, 30 Қаңтар 2009 | GMT +5
«ҰБТ ? 2009» былтырғы форматта өтеді ? Білім және ғылым вице-министрі
АСТАНА. Қаңтардың 30-ы. ҚазАқпарат /Жасұлан Жолдыбаев/ - Бүгін Білім және ғылым вице-министрі Күләш Шәмшидинова биылғы Ұлттық бірыңғай тестілеудің ережелерімен таныстырды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Биыл тестілеуге берілген уақыт 30 минутқа ұзартылды. Енді ҰБТ тапсыру үшін 3 сағат 30 минут уақыт бөлініп отыр. Ал жалпы 2009 жылғы ҰБТ-нің ережелері өзгертулерге ұшыраған жоқ. Ол былтырғы тестілеудің форматында өтеді. ҰБТ маусымның 1-і мен 10-ы аралығында республика бойынша құрылған 154 тестілеуді өткізу пунктерінде өтпек. Жалпы ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға ниет білдірген талапкерлер наурыздың 10-ы мен сәуірдің 25-і күндері аралығында құжаттарын тапсырулары қажет», - дейді К.Шәмшидинова. Талапкерлер бұрынғыдай 5 пән бойынша сынақтан өтеді. Олар: оқыту тілі (орыс немесе қазақ тілі), математика, Қазақстан тарихы, орыс тілінде оқытатын мектептердің түлектері үшін қазақ тілі, қазақ тілінде оқытатын мектептердің оқушылары үшін орыс тілі және талапкердің таңдауы бойынша бір пән. Әр пәнде 25 сұрақтан болады. Талапкерлер ЖОО-ға түсу үшін ҰБТ нәтижесі бойынша 45 балдан кем алмауы тиіс. «Әрбір пункттерде тәртіп пен заңдылығын үйлестіретін мемлекеттік комиссия тағайындалады. Тесті өткізуді басынан аяғына дейін ұйымдастырады. Яғни, аудиториялық фондқа қарайды, аппеляциялық комиссияның жұмысына көмектеседі, олардың қолында дұрыс жауаптардың коды болады, балалардың тестен өткендігін осы комиссия хабарлайды», деп атап көрсетті вице-министр.