ҰБТ-2015 сұрақтарының 25-30 пайызы жаңартылды - Бiлiм министрлiгi
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлттық бiрыңғай тестiлеудiң негiзгi пәндерi бойынша сұрақтар базасы 25-30 пайызға жаңартылды. Бұл туралы ҚР Бiлiм және ғылым министрлiгi Бiлiм және ғылым саласындағы бақылау комитетi "ҚазАқпарат" агенттiгiнiң ресми сауалына берген жауабында хабарлады.
ҚР БҒМ мәлiметтерi бойынша, биыл тестiк тапсырмалардың базасы 21 300 сұрақпен толыққан. Тестте ең көп таңдалатын пәндердiң iшiнде физика, биология мен география көш бастап келедi. Сондықтан ҰБТ-2015 физика пәнi бойынша сынақ сұрақтары 35 пайызға, биология бойынша - 30 пайызға, география бойынша 30 пайызға жаңартылды.
"Ағылшын, дүниежүзi тарихы, химия ең аз таңдалатын пәндер. ҰБТ-2015 науқаны қарсаңында дүниежүзi тарихы пәнi бойынша сынақ сұрақтары 27 пайызға, химия бойынша - 21 пайызға, ағылшын тiлi бойынша 20 пайызға жаңартылды. Сонымен бiрге немiс, француз тiлдерi және қазақ пен орыс әдебиеттерi пәндерi бойынша сұрақтар 7-8 пайызға өңделдi. Себебi бұл пәндердi түлектердiң тек 2-4 пайызы таңдайды. Жалпы мiндеттi пәндер бойынша сұрақтар 25-30 пайызға жаңарды", - делiнген хабарламада.
Жаңа сұрақтарды алдын ала сынақтан өткiзу үшiн республиканың 75 мектебiнен 3500 оқушы қатысты.
2015 жылы алғаш рет 12 жылдық мектеп бағдарламасын тәмамдаған 341 түлек ҰБТ-ға қатысады. Олардың 236-сы - қазақ, 105-i орыс тiлдерiнде тапсырады.
ҰБТ-2015 елiмiздiң 165 пунктiнде өтуде. Олардың 116-сы аудан орталықтарындағы мектептерде орналасса, 49 пункт - облыс орталықтарында, сондай-ақ Астана мен Алматы қалаларында.
"Биыл ҰБТ өткiзуге бюджеттен 1 022 806 мың теңге бөлiндi", - деп атап өттi министрлiктен.
Еске сала кетейiк, Қазақстанда Ұлттық бiрыңғай тестiлеу 2 маусымда басталды. Осы жылы сынаққа 87 782 түлек қатысуда. Бұл - жалпы мектеп бiтiрушiлердiң 71 пайызы. Ұлттық тестiлеу орталығының мәлiметтерi бойынша, тестiде үш күнде 125 балл жинаған 4 түлек анықталды: Гүлнәз Ердосова (Тараз), Риана Мұстафина (Астана), Лаура Абдазимова (ОҚО, Түлкiбас ауданы) және Сымбат Самат (Орал).