ҰБТ бірінші күн қорытындысы: Еліміз бойынша 25 756 түлек тест тапсырды

Ағымдағы жылы ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу форматы өзгерген жоқ.
Биылғы жылы 155 ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу пунктерінде 100 мыңдай бітіруші өз білімдерін сынайтын болады.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі барлық өңірлерде мектеп педагогтары, түлектері және олардың ата-аналарымен кең көлемде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді. ҰБТ-ға дайындық жұмыстарына мектеп психологтары да ат салысты. ҰБТ-ға мектеп түлектерін психологиялық бейімдеу мақсатында сынақ тестілеу де өткізілді. Орташа есеппен алғанда әрбір оқушы алты рет алдын-ала сынақ тестілеуден өтуге мүмкіндік алды.
«Сондай-ақ, ҰБТ-да қолданылатын тест тапсырмаларының қоры бірнеше мәрте сараптамадан өтіп, жетекші қазақстандық сарапшылардың оң бағасын алды. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Мемлекет тарихы институты Қазақстан тарихы пәні бойынша құрастырылған тест тапсырмаларына тәуелсіз сараптама жүргізді. Енді мектеп бітіруші түлектер танымал тұлғалардың киімдері мен тұрғын үй бөлмелерінің саны туралы сұрақтарға наразылық білдіре алмайды. Мұндай сұрақтар тест тапсырмаларының қорында табылмады», делінген БҒМ хабарламасында.
Әрбір ҰБТ өткізу орындарында мемлекеттік комиссиялар, апелляциялық комиссия жұмыс істейді. Министрлік жанында Республикалық апелляциялық комиссия өз жұмысын бастады.
Барлық аудандарда жергілікті атқарушы органдар мен мемлекеттік комиссиялар ҰБТ-ны сәтті тапсыру үшін барлық қажетті жағдайларды жасады.
ҚР-да ҰБТ 10-шы рет өткізіліп отыр. Ұлттық бірыңғай тестілеуге 9 жыл ішінде 1 миллион 240 мың адам қатысты.